"Дастархан басында отырған сәтте топан су келіп қалды". Құлсарылық тұрғындар базынасын айтты

"Дастархан басында отырған сәтте топан су келіп қалды". Құлсарылық тұрғындар базынасын айтты
Фото: Massaget.kz / Nurzhan Rysbekov

Құлсарының қазіргі күйін сөзбен суреттеу мүмкін емес. Көзбен көріп, көңілмен сезіну керек. Қапысыз тірлік қылып, қара шаңырағында шат-шадыман күйде отырар сәтте баспанасы опат болған бұқараның жанарына еріксіз жас келеді. Бірақ етегі жасқа толып, салын суға кетіріп жатқан жұрт жоқ. Бәрі де болашақтан күдерін үзбек емес. Қызыл судың құрсауында қалған қалаға арнайы барған Massaget.kz тілшісі жергілікті жұртпен тілдесіп қайтты. 

Нұртас Советов бар ғұмырын Құлсарыда өткізген жандардың бірі. Қария осыдан отыз жыл бұрынғы апатты да көзімен көрген. Отыз жылда өз қолымен салған баспанасын тастап кете алмай, судың ортасында тұрған отбасылық мекеніне қия алмай, шаңырағында өткізген өмірін қиялдай қарайды. Отаным аман болса отауым оңалар деген ізгі ниеті де бар. 

Фото:  Қала тұрғыны Нұртас Советов.

"5 сәуір күні сағат 12-нің шамасында дастархан басында отырған сәтте топан су келіп қалды. Бәрін тастап, киім де кимей сыртқа қашып шықтық. Содан кешкі сағат сегізде №8 мектепке бардық. Тасқын қатты болды. Қазір үйімнің ішіне метр жарымдай су кірген. Ақ адал еңбегімізбен алған техникамыздың бәрі қалды.  Әйеліммен, бала-шағамызбен осындамыз. Мұндай жағдай 1993 жылы болды. Отыз жылда салған үйіміз суға кетті, амал қанша? Аман қалғанымызға шүкір дейміз. Ешқандай өкпем де, өкінішім де жоқ. Үкіметтен көмек болар деген үміттеміз", - Нұртас Советов.   

Бұл өңірде Нұртас секілді жандардың қарасы көп. Өйткені бір ғана Құлсарының өзінде 2 860 нысанды су басқан. Қарашаның кейбірі қайықпен қарашаңырағына барса, енді бірі дөң басына шығып барлап жүр. Өйткені ақтастан салынған үйлердің қабырғасы қанша уақытқа дейін шыдас берері белгісіз. 

Гауһар Алланазарова да алты баласымен алысқа бармауды жөн көрген. Былтыр ғана шаңырағын кеңейткен жанның түрлі арманы бар. Баласын әскерден күткен ана шағын отауында той жасаймын деп мамырды күткен. Алайда адамның ойлағаны емес Алланың дегені болды. 

Фото:  Қала тұрғыны Гауһар Алланазарова.

"Өкіметке қолымызды тоспай, аузымызды ашпай кредит алып, тірнектеп ақша жинап салған үйіміз суға кетті. Балам мамырда әскерден келеді, қуанышты тойымды жасаймын деп үміттеніп отырған шаңырағымыз құлауға шақ тұр. Балдарым келін алса деп осы үйді биыл екі қабат қылып көтергенбіз. Жер алуға жағдай жоқ. Алты баламды ертіп өзге жаққа баруға бата алмаймын. Бұл дамбыны салып жатқан кезде үйіміз суға кетеді деп мүлде ойлаған жоқпыз. Жалғыз жолдасым жұмыс жасайды. Өзім тігіншімін. 3-4 миллионға алған аппаратым суға кетті. Клиенттерімнің тапсырысы да қалды. Мемлекеттен бір ине алып көрген адам емеспін. Ал енді мемлекеттен ол дүниелер қайтарыла ма білмейміз", - дейді Гауһар Алланазарова.  

Топан судың астында қалған қалада талай тағдыр бар. Бірі бизнесім құрыды десе, енді бірі малымнан айырылдым деп зар жылайды. Бірақ билік барлығын өтеп береді деген ниетте. Ал жергілікті басшылар шығын көлемі су деңгейі тартылғаннан кейін есептелетінін айтты. 

Құлсарының қазіргі көрінісіне қарашаның көзімен қарау тым ауыр. Маңдай тері тасқын сумен жуылған жұрттың жағдайы оңалар деген ойдамыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов