"Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа". Ғалымжан Қалыбаевтың әйелдерге қатысты пікірі наразылық тудырды

"Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа". Ғалымжан Қалыбаевтың әйелдерге қатысты пікірі наразылық тудырды
Фото: Видео кадры

"Күлкі базар" театрының басшысы, актер әрі асаба Ғалымжан Қалыбаевтың әйелдерге қатысты пікірі жұрт арасында наразылық тудырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол "Жағың сынса да, сағың сынбасын" подкастында айтқан еді. Бағдарлама жүргізушісі актердің тоқал алуға қатысты пікірін сұрады. Ғалымжан Қалыбаев көп әйел алуға тыйым салуға түбегейлі қарсы екенін айтты.

"Пікірім теріс. Мен ғана емес, бүкіл халық айтылған сөздерге қарсы болып жатыр. Бүкіл демей-ақ қояйын, 99,9 пайыз халық қарсы. Қолдап отырғандар да бар шығар. "Көп әйел алуға тыйым салу керек" деп еді, әйелдердің жаны кіріп қалды. Олар ар жағын ойлап отырған жоқ. Атам қазақ "Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа" деп айтады. Ер адамның 10, 20, 50 жылға қойған жоспарын әйел ойлай алмайды. Ол бүгінгі тамағы мен ертеңгі шайын ғана ойлайды, ар жағын ойлай алмайды. Алла солай жаратқан, мен кемсітіп жатқан жоқпын. "Әйел заты - кеміс, жарымес" деп отырған жоқпын. Ата-бабам соны көріп, бекер айтқан жоқ. Әйелдердің жаны кіріп отырғаны, бір күйеуі өзіне қалатын болды. Күйеуін баласы сияқты меншіктеп алды. Күйеуім өзімдікі, ешкіммен бөліспеймін деп отыр. Есесіне, ертең жезөкшелер, бір жыныстылар мен зина көбейеді. Рас қой. Сосын шетелдікке тұрмысқа шығу басталады. Мен алмасам, сен алмасаң, ол байғұс қыздар қайда барады? Отырып қалған қыздар, жесірлер, ажырасқан әйелдер қайда барады? Кім алады? Нәзік жандылар ғой олар. Қорғауымыз керек қой. Солар барады да басқаларға шығады. Сосын солардан туған бала азаматтық алады. Қызық сол кезде басталады. Атам қазақ "Жиен - ел болмас, желке - ас болмас" деген. Жиен ешқашан ел болмайды. Жиен менің тегімді алмайды, менің мүддемді қорғамайды, өз әйлетін қорғайды. Қазақ болса, дұрыс. Қорғасын! Ертең шығайын деп отырған заң көп әйелді тоқтату керек дегенім осы. Мен түбегейлі қарсымын. Мен президент болсам, "Жігіттер, қазақтың қыздарына қамқор болыңдар" дер едім. Ажырасып кету, қайта үйлену болады", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек