Су тасқынынан 15 мыңнан аса қазақстандық құтқарылды - ТЖМ

Су тасқынынан 15 мыңнан аса қазақстандық құтқарылды - ТЖМ
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов еліміздегі су тасқынынан 15 мың адам эвакуацияланғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде министрлік су тасқыны салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатыр. Жұмысқа әкімдіктердің, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитет бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.

"Су тасқының жағдайы тұрақты-күрделі, батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыс қалды. Әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталып отыр. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқынынан 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның ішінде 6 мың 187 бала (Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, СҚО, Түркістан, Алматы, Павлодар) бар", - деді Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бүгінде уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар үшін барлық қажет жағдай жасалған.

Сондай-ақ су басуға жол бермеу бойынша алдын алу шаралары күшейтілгенін

"Жалпы алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірде 45 мыңнан аса адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді.

Сондай-ақ 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды. 55 шайылған автожол учаскелері мен 4 көпірдің (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. Көлік қатынасынсыз 50 елді мекен қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік. Бұл жерде төтенше жағдайлар аймақтарында қажет көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді", - деді вице-министр.

Ол су қоймалары мен өзендердің толымдылығы бақылауда екенін атап өтті.

"Бүгінде Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, Министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады.

Тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы азаматтарды хабардар ету және ақпараттандыру іске асырылады. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді. Әкімдіктер алгоритм бойынша іс-шараларды орындау қажет. Су тасқыны мен оның салдарын жою министрдің үйлестіруімен жалғасып жатыр", - деді Бауыржан Сыздықов.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz