Нүкенова қаза тапқан мейрамханада жұмыс істеген қызметкер видеоларды қалай өшіргендерін айтты

Нүкенова қаза тапқан мейрамханада жұмыс істеген қызметкер видеоларды қалай өшіргендерін айтты
Фото: Tengrinews.kz

Салтанат Нүкенова қаза тапқан мейрамханада жұмыс істеген қызметкер сотта куәгер болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол қылмыс болған күн туралы айтып берді. 

"9 қарашада таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Кабинетке келіп, ноутбукты аштым. Менің жұмысым жалға алушылармен кездесу болатын. Әдеттегідей жұмысымды істеп жүрдім. 12.00-13.00 шамасында мейрамхананы аралап шығамын. Сол күні 13.00-де мейрамхананы аралап шықтым, бірінші қабатта бәрі жұмыс істеп тұрды. Екінші қабаттағы BAU мейрамханасы жұмыс істемей тұрды. Әкімшіден неге ашылмағандарын сұрадым. Әкімші оларда санитарлық күн екенін айтты. Мен жақсы деп өз жұмысыма кірістім", - дейді куәгер. 

Сол күні 14.00 шамасында әкімші келіп, Бақытжан Байжанов (Бишімбаевпен бірге сотта күдікті ретіндегі адам) хабарласып, бейнекамерадағы видеоларды өшіруді сұраған. 

"Бүкіл гастроорталықтағы видеоны өшіруді сұрады. Артынан Бақытжан Байжанов та келіп видеоларды өшіруімді сұрады. Не үшін өшіру керегін нақтыламадым", - дейді куәгер. 

Мейрамхананың бұрынғы қызметкері шамамен 15 минуттай сервер кабинетінде болып, видеоларды өшіріп, шығып кеткен. 

"Видеоларды көрген жоқпын. Мен диспетчерлік кабинеттен шығып, кілтті әкімшіге беріп, кеттім", - дейді куәгер.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина