Утильалым жинағын азайту: министр депутаттың сұрағына жауап бергісі келмеді

Утильалым жинағын азайту: министр депутаттың сұрағына жауап бергісі келмеді
Фото: elements.envato.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев депутаттың утилизациялық алым жинағын азайу туралы қойған сұрағына жауап бергісі келмеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев өзекті мәселені көтерді.

"Елімізде шешілмей жатқан бір мәселе бар, оны өзіңіз де жақсы білуіңіз керек. Ол - утальалым мен алғашқы тіркеудің мәселесі. Қазір көптеген қазақстандық осы мәселеге алаңдап, талай жерде бастама көтеріп, мәселенің шешуін талап етіп жатыр. Бұл туралы депутаттық сауал жолданды. Содан кейін бірқатар депутатпен арнайы дөңгелек үстел өткіздік. Онда ішкі істер министрлігі, қаржы, ауыл шаруашылығы, экология, ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек сізге қарасты министрліктің комитет өкілі "Бұл төлемдер қажет. Олар осы күйінде сақталуы керек" деп қалды. Одан біз, депутаттар "Нақты қандай себептер бойынша сақталуы керек?" деп ресми жауабын 7 күнде беріңіздер деп айттық. Өйткен аптаның сейсенбісінде бұл уақыт өтті. Министрліктен бірде-бір хатта, ресми жауап та алған жоқпыз", - деді ол.

Осыған байланысты Нартай Сәрсенғалиев өз сұрағын қойды.

"Бұл төлемдердің төмендеуіне неге қарсысыздар? Қандай негіздемелер бар? Неге министрлік жауап беруден бас тартып отыр? Неге халықпен ашық, түсінікті тілде диалог жүргізбейсіздер? Бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен жеңіл көліктерге қатысты", - деді депутат.

Бұл жолы да өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сұраққа жауар бергісі келмеді.

"Біріншіден, бұл сұрақтың бүгін талқыланатын мәселеге еш қатысы жоқ. Екіншіден, мен сізге нақты жауап беремін. Алайда сіздің сұрағыңыз бүгінгі жалпы отырыстың тақырыбына қатысы жоқ. Сондықтан сізбен жеке кездесіп, жауап берейін", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz