Қазақстандықтар енді Google-да көшелерді виртуалды түрде қарай алады

Қазақстандықтар енді Google-да көшелерді виртуалды түрде қарай алады
Фото: makeuseof.com

Google Street View енді Қазақстанда қолжетімді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Қазақстандықтар енді Google-да көшелерді виртуалды түрде қарай алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің сөзінше, Google кеңсесінің қызметкерлері Қазақстанға келген. Олар Қазақстан нарығына қызығушылық танытып, қала инфрақұрылымын дамытудың жаңа құралдарын ұсынған.

"Google Street View Қазақстан табиғаты мен мәдениетінің таңғажайып алуан түрлілігін виртуалды зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл елеулі оқиға ел тұрғындары мен қонақтарға үйлерінен шықпай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен өмірін зерттеп білуге мүмкіндік береді.

Ресурсқа қол жеткізу үшін компьютерден Google картасындағы Street View сары түймесін басыңыз немесе мобильді құрылғыда 360 градустық түсірілімді таңдаңыз", - деп жазды министр.

Мусин негізгі қалалар мен тарихи маңызды орындардың айналасындағы маршруттардың жаңартылған көрінісі туризмнің ғана емес, сонымен қатар, елдің экономикалық дамуына да ықпал ететінін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова