Түркістан облысында нөсер жаңбырдан екі көпірді су шайып кетті

Түркістан облысында нөсер жаңбырдан екі көпірді су шайып кетті
Фото: жергілікті тұрғындар

Бүгін жауған қатты жауын-шашын салдарынан Түркістан облысында екі ауылдағы көпірді су алды. Жергілікті әкімдік өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр., - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Кентау қаласы мен Қарнақ ауылын жалғайтын жолдағы көпірдің бір бөлігін жаңбыр суы шайып кеткен.

Қазір полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке шығып, жолдағы қозғалысты тоқтатып тұр. 

"Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты өзендегі су деңгейі көтерілді. Салдарынан Қарнақ ауылының көпірін (көпірдің ұзындығы — 30 м, ені — 10 м) ішінара су алған. Қазіргі таңда елді мекенге қауіп жоқ. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті әкімдік, төтенше жағдай департаменті тиісті жұмыстарды ұйымдастырып жатыр", - делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Сондай-ақ, Созақ ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Бақырлы ауылына кіреберістегі көпірді де су шайып кеткен. 

"Елді мекенді су басу қаупі жоқ. Қазіргі уақытта жауын-шашын тоқтаған. Жергілікті атқарушы орган тарапынан көпірді қалпына келтіру жұмыстары қарастырылуда. Оқиға орнында құзырлы органдар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр", - деді әкімдіктегілер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан