Қазақстанда балалар үйлеріне қайтарылған бала саны көбейген

Қазақстанда балалар үйлеріне қайтарылған бала саны көбейген
Фото: Pixabay.com

Қазақстанда балалар үйлеріне қайтарылған бала саны көбейген. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Саурықов көңіл көншітпейтін статистиканы айтты: 2021 жылы Қазақстанда 197 бала, 2022 жылы 217 бала балалар үйіне қайтарылды.

"Бұл ақпарат дереккөздерден алынды. Енді менде мынадай сұрақ туындады: балаларды қайтару жағдайларының көбеюіне не себеп болды? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Неліктен мұндай жағдай туындайды?" – деді депутат.

Вице-министр Еділ Оспан мұндай деректер барын және олардың саны шынымен артып отырғанын растады.

"Өкінішке қарай, сіз айтып отырған жағдайлар бар. Кейбір балалар асырап алынғаннан кейін белгілі бір уақыттан кейін балалар үйіне қайтарылады. Қазір олардың саны артып келеді. Біз мұны растаймыз. Бірақ бұл жағдайды талдағанда, 13 пен 18 жас аралығындағы балаларды тәрбиелеп отырған туыстары балаларды балалар үйіне жиі қайтаратыны белгілі болды", - деді Оспан.

Шенеунік Қазақстанда кәсіби патронат отбасылар институтын енгізуді жоспарлап отырғандарын еске салды. Бүгінде Мәжілісте балалар құқығын қорғау туралы заң жобасы бар, оның аясында бұл мәселе талқыланып жатыр.

"Бұл өз әсерін тигізеді деп ойлаймын. Осы заң жобасы аясында кез келген бала асырап алушыға арнайы органның қызметкері ілесіп жүреді. Бұл жүйелік мәселені шешеді", - деп қосты вице-министр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек