Алаяқтар қарттарды алдап, 25 миллион теңгені қолды еткен

Алаяқтар қарттарды алдап, 25 миллион теңгені қолды еткен
Фото: Polisia.kz

Екі алматылық пен ақтөбелік телефон алаяқтарының курьерлері болып жұмыс істеген. Олар алданған зейнеткерлер берген соманың 10 пайызын алып отырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.

Үш курьер алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, Ақтөбе тұрғыны жұмыссыз қалып, курьер болып жұмысқа орналасу туралы хабарландыру тауып, өзін Вова деп таныстырған белгісіз адаммен жұмыс істеуге келіскен. Сонымен қатар, ақтөбелік осы жұмысқа Алматыдан тағы екі танысын шақырған.

Ал олар жұмыс бойынша келіскен адам қарттарды алдаған телефон алаяғы болып шықты, яғни зейнеткерлерге олардың туысы апатқа ұшырағанын және қылмыстық іс бойынша мәселені шешуге ақы төлеу керек екенін айтатын болған. Қарттар өз жинақтарын, келген курьерлерге беріп отырған. Ал курьерлер өз кезегінде жұмыс үшін ақшаның бір бөлігін қалдырып, қалғанын айтылған шоттарға аударып отырған.

Осындай бір жағдайда телефон алаяғы зейнеткерге қоңырау шалып, келіні апатқа ұшырағанын, оған қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Ал бәрін бейбіт жолмен шешу үшін 6 миллион теңге қажет екенін жеткізген. Зейнеткердің екі миллионы ғана болған, осылайша бар ақшасын алаяқтың серіктесіне берген. Сол секілді олар тағы төрт қарт адамды алдаған. Осылайша, курьерлерлерге бес зейнеткерді 25 миллионнан аса теңгеге алдауға көмектесті деген айып тағылып отыр.

Сот Ақтөбе тұрғынын алаяқтық жасағаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Қалған екі адамның біреуінің 2 жылға бас бостандығы шектелді, екіншісі 5 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ, сот үкімі бойынша екеуі де мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова