"Майлы тамақ жегеннен кейін байқалады". Дәрігер өт қабы жұмысының бұзылғанын көрсететін белгілерді атады

Кішкентай орган (шамамен 7 см) болса да, өт қабы ас қорытуда маңызды рөл атқарады. Оның қызметі бұзылса, ол денсаулыққа қатысты проблемаларға әкелуі мүмкін. Гастроэнтеролог Екатерина Кашух "Известия"-ға өт қабы жұмысының бұзылғанын қалай білуге болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өт қабы – пішіні алмұртқа ұқсайтын орган және ол асқорытуға қатысады. Ол ерекше тұтқыр сұйықтық - өт бөледі. Өт тамақтағы майларды ыдыратуға көмектеседі және олардың сіңуін жеңілдетеді.

"Кең тараған проблемалардың бірі – өт қабында тас түзілуі. Келесі кең тараған ауру – өт шығару жолдарының дискинезиясы. Бұл кезде өт тұрып қалады және ол майлардың дұрыс ыдырауына және сіңуіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ өт қабы жұмысына бауыр циррозы секілді аурулар немесе кей инфекциялар әсер етеді", - дейді ол.

Өт қабы жұмысының бұзылғанын байқамай қалуыңыз мүмкін. Бірақ бұл орган қызметі бұзылған кезде ағза беретін белгілер бар.

"Өт қабы дұрыс жұмыс істемейтінін көрсететін белгілер әртүрлі болуы мүмкін, бірақ науқастар жиі оң жақ қабырға астының ауыратынын, оның арқаға немесе оң жақ иыққа берілетінін айтады. Сондай-ақ олардан іштегі ауырлық сезімі (әсіресе майлы тамақтан соң пайда болады), іш қату немесе керісінше, іш өту, нәжіс түсінің өзгеруі байқалады", - деп түсіндірді Екатерина Кашух.

Оның айтуынша, өт қабының жұмысы бұзылған адамдар майлы тағамды көтере алмайды, оны жегеннен кейін олардың іші ауырады және кейде құсады. Сондай-ақ өт қабы жұмысы бұзылған кезде өт пигменті - билибуриннің алмасуы бұзылады, ол сарғаюға әкеледі: теріңіз бен көздің ағы сарғайып кетуі мүмкін. Бірақ ол әркез бола бермейді.

Өт қабы жұмысының бұзылуы асқорытуға жағымсыз әсер етеді және панкреатит, асқазан және аш ішек жарасы секілді басқа да ауруларға әкелуі мүмкін.

Өт қабы жұмысы бұзылғанына күмән пайда болса, бірден дәругерге қаралу керек. Терапевтке қаралып бастаңыз немесе бірден гастроэнтеролог маманына барыңыз.

Оқи отырыңыз: "Ащы тамақтың қатысы жоқ". Асқазан жарасы неден пайда болады?