Аяусыз ұрған: Түркістан облысында 11 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға үкім шықты

Аяусыз ұрған: Түркістан облысында 11 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға үкім шықты
Фото: Әлеуметтік желіден

Түркістан облысында 11 жастағы қызды зорламақ болып, қан-жоса етіп сабаған ер адамға үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Не молчи" қорының басшысы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, ер адам жас қызды зорламақ болған. 

Massaget.kz тілшісі бұл іс бойынша облыс прокуратурасына сауал жолдады. 

"Биыл қаңтарда Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Кентау тұрғыны Н.С. жас баланы зорлауға оқталу іс-әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, осы баппен оған педагогикалық және тәрбиелеу қызметімен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бұрын тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы түпкілікті 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген жауапта. 

Сотталғанға жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.

Қылмыстық істе Н.С. қылмыстық құқықбұзушылық іс-әрекетін дәлелдейтін жеткілікті іс-құжаттар жинақталған.

Қазір бұл іс сотталған Н.С. шағымы бойынша апелляциялық сот алқасында қаралып жатыр. Бұл қылмыстық іс облыс прокуратурасының бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Кентауда ер адам 11 жастағы қызды қан-жоса етіп сабағаны турал ақпарат тараған еді. Оқиға Түркістан облысы Кентау қаласында 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында болған. Оқушы қызды қан-жоса еткен ер кісіні көршілер көріп қалған екен.

"Қыз айғайлап көмек сұраймын дегенше ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған. Ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті таспен басынан, бетінен ұрған. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соға берген. Қызға шабуылдаған адам оны зорламақ болған", - деп жазды белсенді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек