Сот Бишімбаевтың өтінішін мақұлдады

Сот Бишімбаевтың өтінішін мақұлдады
Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Астанада бүгін, 12 наурызда өтіп жатқан соттың алдын ала тыңдауында белгілі болды.

"Сот сотталушы Бишімбаевтың істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп есептейді", - деді судья Айжан Құлбаева.

Сот Қуандық Бишімбаевтың ісін прокурорға қайтарудан бас тартты.

Сот сонымен бірге Бишімбаев тарапының істі "Абайсызда кісі өлтіру" бабына ауыстыру туралы да өтінішін де мақұлдамады.

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы ұрып-соққаны түсірілген видеоны алып тастау, тергеу экспериментін жүргізу, Нүкенованың әкесіне және басқа да бірқатар адамға психиатриялық сараптама тағайындау туралы өтінішті де қанағаттандырмады. Мұның бәрі Бишімбаевтың қорғаушыларының сотқа қойған талабы еді.

Еске салайық, кеше, 11 наурызда Қуандық Бишімбаев істі алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін айтты. 

Ал экс-министрдің адвокаттары бейнебақылау камераларының жазбалары заңсыз алынғандықтан, оны істен алып тастау керек деген талап қойды.

Олар сондай-ақ BAU мейрамханасында тергеу экспериментін жүргізу қажет деді, өйткені "куәгерлердің берген айғақтары әртүрлі" деді.

Сонымен бірге Бишімбаев тарапы істі "Абайсызда кісі өлтіру" бабына ауыстыру туралы да айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан