- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Экс-депутат Ғани Қалиев...
Экс-депутат Ғани Қалиев қайтыс болды
Саясаткер, Жоғарғы кеңес пен Мәжілістің экс-депутаты, "Ауыл" саяси партиясының бұрынғы төрағасы Ғани Қалиев 87 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғани Әлімұлы Қалиев 1938 жылы 19 шілдеде Жамбыл облысы Белбасар ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары агро теория және саясат мәселелеріне арналған. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Қазақ қой шаруашылық технология ғылыми-зерттеу институтында малдың жаңа тұқымдарын, типтері мен линияларын алудың әдістері жетілдіріліп, шаруашылықтарда сұрыптау және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарын жақсарту мәселелері терең зерттелді.
Он жылдан астам ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын басқарды.
1990 жылы Ғани Қалиев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, кейін тәуелсіз Қазақстанның Мәжіліс депутаты болды.
2000-2015 жылдар аралығында "Ауыл" саяси партиясын басқарды.
Қалиев әр жылдары еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағын, "Парасат" орденін, "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін", "Тыңға 50 жыл" медальдерімен алды.
Ғани Қалиев 300-ден астам ғылыми еңбектің (10 монография және 4 оқу құралы) авторы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан