- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әкімдік үйімізді тым...
"Әкімдік үйімізді тым арзан бағалап отыр". Алматылық тұрғындар наразылық білдірді
Қазіргі уақытта Алматының айналасында жер телімдерін сатып алу, инженерлік жүйелерді қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында Мұқанов пен Жұбанов көшелері де ұзарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоба келесі жылы аяқталуға тиіс. Алайда кейбір тұрғындар үйлерін әкімдік ұсынған бағаға бергісі келмейді. Мәселен, бір ғана Рысқұлов даңғылын созу үшін 200-ден астам меншік иесімен келісім жасалу керек. Даңғыл Ф.Оңғарсынова көшесіне келіп тіреледі. Әрі қарай Бойтұмар көшесі басталады. Жалпы жобаға сәйкес қала мен облыс аумағындағы 250 нысанды сүру жоспарланған. Жол бойында азық-түлік дүкені, сауда нүктелері мен көлік жуу орталығы орналасқан.
Нұрмахан Мұхамед - жеке кәсіпкер. Көлік жуу орталығын бір жыл бұрын жалға алды.
"Бизнес үшін өте қолайлы жер. Бірақ жолды кеңейткелі жатыр ғой. Сондықтан басқа жерге ауысуға тұра келеді. Күніне жоқ дегенде 40 автокөлік жуылады. Табысымыз тәуір еді. Егер ғимарат сүрілетін болса амал жоқ, басқа жерден орын іздейміз. Әкімшілік солай айтып тұрса біз ештеңе дей алмаймыз", - деді ол.
Ал зейнеткер Тұрсынжан Зульяров бұл жерде 1996 жылдан бері тұрады. Көше бойына ең алғаш үй салғандардың бірі. Ауласы кең, 8 сотық жері бар. Көшенің ұзартылып жатқанына қарсы емес. Бірақ үйін арзанға сатқысы келмейді.
"Үкімет бізге дұрыс баға ұсынуы керек. Қаланың ішінен жер алып, үй салып алатындай баға берсе біз баспанамызды босатып береміз ғой. Бірақ, қазіргі бағаға көңіліміз толмайды. Бағалаушылар беріп жатқан сомма тек Қарасай мен Іле аудандарындағы ауылдардан ғана жер мен үй сатып алуға жетеді екен. Біз қалада тұрғымыз келеді", - дейді зейнеткер.
Өткен күзде әр үйге Наурызбай ауданы әкімдігінен ресми хат келген. Ләтипа Кәрімқызының айтуынша, онда үйлердің нарық бағасымен бағаланатыны айтылған.
"Біз келістік. Алайда жылжымайтын мүлікті бағалушылар келіп, үйдің құнын түсіріп, басқа баға ұсынды. "Ақбұлақ ақшамауданы, Бойтұмар көшесіндегі ең алғашқы үйді менің жолдасым салды. Осында 38 жылға таяу көршілерімізбен ынтымақ пен берекеде, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Осы жерге үйрендік. Балалар өсті. Еш жерге барғымыз келмейді. Бірақ амал қанша? Бізді күшпен көшіре алмайды. Тек үйімізге ақылға қонымды баға берсін", - дейді ол.
Жалпы қала аумағындағы 6 көшені ұзарту үшін 700 жер телімін сатып алу керек. Бұл бір жылда атқарылатын жұмыс емес.
"Өйткені меншік иелері ұсынылған бағаға келесіпейді. Сондықтан әр адаммен жеке келісөз жүргізіледі. Барлығы жеке тұлғаға, яғни иелеріне байланысты. Кейбір меншік иелері баға нарығына бірден келіседі, кейбіреулері сотқа жүгінеді. Әрине, барлығы сот процессінің мерзіміне байланысты. Сот шешімдерін енгізу кезінде заңды күштерін жою да мүмкін. Бір айдан екі жылға дейін. Егер меншік иесі баға нарығымен келіссе, онда оған қаражат қарастырылған, бағалау төленетін болады", - дейді қалалық мобильділік басқармасының бас маманы А. Бостанов.
Саламат Сабыр
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы