"Балконнан айғайлады". Мақпал Жүнісова Нұрқаділовтің өліміне қатысты бар шындықты айтты

"Балконнан айғайлады". Мақпал Жүнісова Нұрқаділовтің өліміне қатысты бар шындықты айтты
Фото: ашық дереккөз

Әнші Мақпал Жүнісова ән кештерінің бірінде Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты шындықты айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біресе анау өлтірді дейді, біресе мынау өлтірді дейді. Ең соңына келіп Мақпал өлтірді деп айтпаса болды. Оны да күтуге болады, оны да естіп жатырмын. Туған балалары сондай әңгіме таратып жатқан көрінеді. Төбеде Алла бар ғой. Қолымыз қан болса жүрмес едік қой. Зәкең де "Мақпал, мені келіп үш рет ата сал" дейтін азамат емес қой", - дейді әнші.

Мақпал Жүнісова Нұрқаділов қайтыс болған күні үйде болғанын айтады.

"Бәрі біледі. Шопыр да біледі. Мен үйден шыққан жоқпын, үйде болдым. Бірақ ол кісіні екінші үйде атып кеткен. Шамамен 7.15-те атып кеткен, себебі 6.40-та ол кісімен сөйлескенмін. Мына үйге "Жолама" деп айғайлады. "Неге?" деп едім, "Ана үйге тез қайт" деді. Балконнан айғайлады. "Зәке, неге есікті ашпайсың?" дедім. Сол кезде Зәкең "Мына үйге келуші болма" деді. Оны кейін түсіндік қой, ана үйде қырылыс болып жатқан екен сол кезде. Кірмесін деп айтқан екенін сонда түсіндім. Бірақ оны біраз адамдар басқаша келтіріп жүр екен. Ашатын болсаңдар дұрыстап ашыңдар, ашпайтын болсаңдар бұрыс әңгіме таратудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі бәрі біледі ғой", - дейді Мақпал Жүнісова.

Оның сөзінше, сол күні болған нәрсенің бәрі камераға жазылып қалған.

"Қайраттың өзі (Нұрқаділов) менің рұқсатымсыз сол күні түсірілгеннің бәрін полицияға алып кетіңіздер деп бұйырған. Негізі 16 камераның 14-інде кім кірді, кім шықты - көрініп тұр. Шет-жағасын мен де көрдім. Полиция мені кінәлаған кезде адвокатым екеуіміз "әне тұр ғой, соны таппайсыңдар ма" деген кезде жігіт шошып, кетіп қалды. Сосын бізге камераны бермей қойды.

Содан бері 17 жыл өтті. Неге мен "өлтіріп кетті" деп айғайлағанда, менімен бірге балалары, қызы, ажырасып кеткен әйелі неге айғайламады? Өзін-өзі атпады деп неге айтпады? Өзін-өзі атты деп қол қойып берген мен емес, солар ғой. Сондықтан жүйкемді тоздырмасын", - дейді әнші. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина