"Үйіміз үгітіліп жатыр". Алматыда жер сілкінісінен көп ғимаратқа зақым келген

"Үйіміз үгітіліп жатыр". Алматыда жер сілкінісінен көп ғимаратқа зақым келген
Фото: Саламат Сабыр/Massaget.kz

Алматыда жер сілкінісінен көптеген ғимаратқа зақым келген. "Орбита - 3" шағынуданындағы 11 үйдің жағдайы мәз емес. Тұрғындар келесі дүмпуге ғимарат шыдамауы мүмкін деп қауіптенеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зейнеткер Гүлсағат Ысқақова 4-қабатта тұрады. Зілзаладан түпкі бөлме мен асхана қабырғаларында сызат пайда болып, сырты түскен.

"Жер сілкінгенде асханада шай ішіп отырдық. Жиһаз, ыдыс-аяқ қозғалды. Қатты соққы болғандай әсер етті. Қорықтық. Дереу далаға шықтық", - дейді ол.

Көпқабатты үй 1970 жылы салыныпты. Тұрғындардың айтуынша, содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Инженерлік жүйесі жаңартылмаған. Кіреберістегі қабырға ажыраған.

"Кіреберістегі қабырға кеңейіп кетті. Сылақ үгітіліп жатыр. Қаңтар айында болған дүмпуден кейінгі жағдай бұл. Осы жолы табан астындағы бетонтасты еден шыдас бермей, сызат пайда болды. Оны тез арада қайта құйып, жөнге келтірмесе жертөлеге құлап кетуіміз мүмкін ғой. Бірақ бізге әлі не ПИК басшысы, не әкімдікі өкілдері келіп жағдайымызды сұрамады", - дейді осы үйдің тұрғыны Д.Северов.

Зілзала болғанда Сәтбаев көшесіндегі 18 үйдің шатырымен өтетін су құбыры жарылған. Су 4-қабаттағы 21-пәтерге аққан. Пәтер иесі апаттық құтқару қызметін шақырған. Мамандар суды тоқтатқан соң, бүлінген құбырды дәнекерлеу жұмысын бастапты.

"Сол күнгі жағдайдан кейін бізге хабарласушылар көп болды. Көбінің құбыры жарылған. Әсіресе, 1970-80-жылдары салынған үйлерге жиі барамыз. Бұл ғимараттар жер сілкінісіне шыдайды. Іргетесы берік, құрылысы талаптарына сай салынған деп жатады. Алайда жылу мен су құбырлары ескірді. Инженерлік жүйесі тозды", - дейді апаттық құтқару қызметінің маманы Азамат Валиев.

Cуреттер: Саламат Сабыр/Massaget.kz

Қазір қала бойынша 16 мыңнан аса ғимаратқа сейсмоаудит жүргізіліп жатыр. Қаншасы зақымданғаны әзірге белгісіз. Бұған дейін, яғни 23 қаңтарда болған жер сілкінісі салдарынан 200-ге жуық ғимарат бүлінген еді.

Саламат Сабыр

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz