Қазақстанда балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізілетіні рас па?

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізетіні туралы ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны жоққа шығарып, ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дауыстық хабарламалар мен бейнероликтер арқылы балалы отбасылардағы әрбір балаға 2024 жылғы шілдеден бастап 70 мың теңге мөлшерінде бірыңғай жәрдемақы енгізілетіні туралы жалған ақпарат таратылуда. Бұл ақпарат жалған", - делінген хабарламада.

Министрлік сонымен бірге мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылатынын ескертті.

"Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз", - деп хабарлады ведомство.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!