Елімізде 227 мың қазақстандық микрокредитін төлей алмай жүр

Елімізде 227 мың қазақстандық микрокредитін төлей алмай жүр
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда 227 мың адам микрокредитін төлей алмай жүр. Енді оларға несие берілмеуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Ержан Бейсенбаев қарапайым халық жалақыға дейін пайызы өте жоғары микрокредит алып жүргенін жеткізді.

"Қазір қазақстандықтардың көбі жалақыға дейін күн көру үшін микрокредиттер алуға мәжбүр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Себебі, мұндай қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті, кейбір жағдайда 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың өте оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі.

Дәл осы сегментте жастар өте көп кредит алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 кредитке дейін бар. Әрине, кредиттің деңгейінің өсуімен проблемалық кредиттер саны да артып жатыр. Бүгінде проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 трлн теңгеден асады. Осыған байланысты микроқаржылық ұйымдардың осындай микрокредиттер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме? Микронесие беруді алып тастау жағы қаралы ма?", - деді депутат.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ бүгінде микрокредит беретін 60 компания барын айтты.

"Бүгін заңнамалық тұрғыда жалақыға дейін микрокредит беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол 45 күнге дейін 50 АЕК сомасында беріледі, бұл – 184 600 теңге. Бұл пидель деп аталатын шағын несиелер қарыз жүктемесін тиісті бағалаусыз қашықтан беріледі. Сондықтан бүгінде пидель сегметінде 60 компания жұмыс істейді. Олар жоғары ставка бойынша тұрғындарға микрокредитті бере береді", - деді ол.

Депутат проблемалық несие мәселесін шешу үшін заңға түзету енгізілетінін жеткізді.

"Бүгінде "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында проблемалық берешектің өсуіне жол бермес үшін жеке тұлғаға оның бұрын алған пидель қарызы болса, күнтізбелік 90 күннен кешіктірілген берешегі болса, мұндай жағдайда микрокредит алуға тыйым салу туралы норманы енгізу жағы қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар қарыз алушының борыштық жүктемесін төмендету үшін шарттың қолданылу мерзімін бірнеше рет ұзарту және оны ұзартқан сайын алатын кредиттік алымды алып тастау туралы ұсыныс берілген. Депутаттар қарыздың бұл түрін (микронесиені) мүлдем алып тастау туралы өз ұсынысын берген. Бүгінде бұл ұсыныс Үкіметтің қорытындысына жіберілді", - деді Үнзила Шапақ.

Оның жауабын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова толықтырды. Ол қарызы көп қазақстандықтарға микрокредит бермеуді қолдайтынын жеткізді.

"Соңғы 2 жылда қысқа мерзімді онлайн кредит секторында ең жоғары тәуекелдер қалыптасты. Біріншіден, бұл проблемалық қарыз алушылардың саны өсті. Қазір онлайн микрокредит секторында 227 мың адамның проблемалық кредиті бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының секторының проблемалық қарыз алушылар санынан 80 пайызына тең. Бұл – өте жоғары.

Екіншіден, бұл секторда борыш жүктемесінің коэффициенті толық орындалмайды. Көптеген заңбұзушылық анықталды. Былтыр біз 77 микроқаржы ұйымын тексердік. Осылайша, 43 микроқаржы ұйымында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталып, оларға айыппұл салынды. Нәтижесінде 13 компания лицензиясынан айырылды. Биыл біз қадағалау шаралары бойынша тексерісті қайта жүргіздік. Биыл ақпанда тағы 5 микроқаржы ұйымы лицензиясынан уақытша айырдық. Біздің ойымызша, онлайн қысқа мерзімге берілетін кредиттер – ең қауіпті, тәуекелі ең жоғары. Адамдардың құқығын қорғау үшін қысқа мерзімге берілетін кредиттердің ерекше түрін алып тастау керек деп санаймыз. Депутаттардың бастамасын қолдаймыз", - деді төраға.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz