- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қызметкер үшін барлық...
"Қызметкер үшін барлық жағдай жасалған". Google компаниясында жұмыс істейтін қазақстандықпен сұхбат
Аман Өтемұратов - Швейцарияның Цюрих қаласында әлемдегі ең ірі Google компаниясында бағдарламалық қамтамасыз ету инженері болып жұмыс істейді. 5 жылға жуық әлемдеге ең ірі компанияда қызмет етіп келе жатқан ол мұны бала күнінен армандағанын айтты. Massaget.kz тілшісіне Аман Өтемұратов жұмысқа орналасқан кездегі қызық оқиғасы мен қызметкерге жасалған жағдай, жұмыс істеу ерекшелігі туралы әңгімелеп берді.
"Көзіме жас алдым"
Аман Өтемұратов компанияға жұмысқа тұру үшін дайындықты ерте бастаған. Ғаламтордан түрлі ақпарат қарап, есеп шығарып дайындалған.
"Бұрыннан Google компаниясында жұмыс істеу арманым еді. Оқу бітірген соң Қазақстанда жұмыс істедім. Арманыма қадам жасап, сол жолда іздене бастадым. Ғаламтордан іздеп, есептерді шығарып, дайындалдым. Ғылыми мақалалар мен техникалық кітаптар оқыдым. Тек Google емес, басқа да компанияларға хат жолдадым. Бас тартқан хаттар көп болды. Бірде booking.com компаниясының бағдарламашысы Әлібек Датбаев деген жігітті көріп қалдым. Сол жігітке резюмемді booking компаниясына орналастыруды сұрадым. Яғни, ұсыныс хатымды компания қызметкерлері міндетті түрде қарайды. Сөйтіп, ең алғаш сол компаниядан шақырту түсті. Кеңсесі Нидерланды еліндегі Амстердамда орналасқан. Сол жақта екі жыл жұмыс істедім. Бірақ Google компаниясына жұмысқа тұруға дайындығымды тоқтатпадым", - деді ол.
Екі жылдан соң оны Google компаниясы жұмысқа шақырған.
Booking.com компаниясы шақырғанда қатты қуандым. Өйткені шетелге бірінші шығуым еді. Ұсынысты тапсырып қойғаннан кейін "мені ала ма, алмай ма?" деп ойлап, көңіл-күйім түсіп жүрген еді. Бір күні электрондық поштама келісім-шартпен бірге "жұмысқа қабылдандыңыз" деген хат келді. Сол сәтте эмоциямның бәрі бір секундқа жиналып қалды. Ал Google компаниясына шақырғанда арманымның орындалғанына қуандым. Жүрегім ауырып, көзіме жас алған сәт болды. Бірақ олар нәтижесін бірден айтпады, созылып кетті. Кейін жұмысқа қабылданғанымды айтқанда, қатты қуандым. Компанияға келіп, жұмысқа орналасқан соң ғана "мә, Google компаниясында жүрмін ғой" дегенді сезіне бастадым", - дейді Аман Өтемұратов.
"Жұмысқа келгеніңді тексермейді"
Аман Өтемұратовтың айтуынша, компанияда қызметкердің келу уақытын ешкім бақыламайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Компанияда жұмыс уақытын әр бөлім өзі бекітеді. Біздің бөлімге сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері кеңсеге бару міндетті. Басқа күндері қалаған жеріңде жұмыс істей бересің. Жалпы бөлімдегілер міндеттемелеріне сай қашан келетіндерін өзі шешеді. Жұмысқа қай уақытта келіп-кеткеніңізді ешкім бақыламайды. Бастысы - дәрежеңізге қарай берілген жобаны уақытылы орындап отыру керек. Дедлайнды да қарым-қабілетіңізге қарай өзіңіз қоюға болады. Тек алдын ала ескерту керек. Себебі бір жобада 20 адам жұмыс істейтіндіктен, басқаларға кері әсер етеді", - деді ол.
Компанияда әр өзгеріске, әр шешімге жауапкершілікпен қарайды.
"Жұмыстың ерекшелігі - барлығын бастан-аяқ мұқият тексеріп отыру керек. Олар бәріне аса ұқыптылықпен қарайды. Мәселен, жобадағы кішкентай дүниені өзгерту керек болса да, ұзақ талқыға салып, ойланады. Содан кейін ғана шешім шығарады", - деді ол.
Жұмыста қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бізге келген қонақтарды кеңсемен таныстырамын. Жұмыста асханада таңғы, түскі, кешкі ас беріледі. Өзіңіз жасап дайындап алуға болады. Одан бөлек массаж кабинеті, сұлулық салоны, йога, фитнес, түрлі ойындар, қысқасы, жаныңа не керектің бәрі бар. Қонақтар келгенде "жұмыс істеуге барлық жағдайды жасап қойған ғой" деп айтады. Керісінше, "жұмыс жасамауға жағдай жасалған" деп әзілдеймін. Жұмысқа аса бір жауапкершілікпен қарайтындықтан, олардың ешқайсысына бармайды екенмін. Тек таңертең кофемді өзім дайындап, жұмысқа кірісіп кетемін. Түскі асымды ішіп, кешке дейін жұмыс істеп, үйге қайтамын. Бекітілген жұмыс уақыты жоқ. Бірақ жиналыс, кездесулерге бару керек. Жалпы мен 9:30-10-да кеңсеге барамын, кешкі 18:00-19:00-де үйге қайтамын",- деді ол.
"Тойды бір жыл бұрын жоспарлайды"
Оның айтуынша, Швейцарияда туризм өте жақсы дамыған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Қазір Швейцарияның Цюрих қаласында отбасыммен тұрып жатырмын. Шынымды айтсам, көшкенге дейін Швейцария туралы видео, суреттер іздеп қарамаппын. Көшіп барғаннан кейін бір айдан соң қызымыз туылды. Сөйтіп, отбасылық өмір басталып кетті. Маған Цюрих қатты ұнады. Біз барғаннан кейін 4-5 айдан соң карантин басталып, үйде болдық. Ешқайда қыдыра алмай қалдық. Бір жылдан соң барлығы ашылғаннан кейін ғана шықтық. Швейцарияда қаланың ішінен гөрі, табиғаты - тауы мен көлі әдемі. Туризм өте жақсы дамыған. Инфраструктурасы керемет, тіпті 2700 метрлік таудың басына мүгедек арбасымен шығуға жағдай жасалған. Ойлаңызшы, мүгедектігі бар жандар таудың басына дейін арбамен бара алады", - деді ол.
Швейцария халқы уақытын алдын ала жоспарлағанды жақсы көреді.
"Халқы өзгерістерді қалай бермейді. Сәл жабықтау. Бірақ сөзіне берік халық. Кілт ете қалса, референдум өткізеді. Әр азамат дауыс беріп, "10 жылдан кейін мына жолда кептеліс болуы мүмкін, сол үшін бұл жерге жер асты жолын соққымыз келеді" деп ұсыныстарын айтады, соны бекітеді. Уақыттарын алдын-ала жоспарлайды. Бір танысым күзде швейцарлық әріптесінен "жазда қайыққа барайық" деп ұсыныс айтқан ғой. "Биыл жазда бос емеспін, жоспарлап тастадым, келесі жылға барайық" деген екен. Сондай оқиғалар көп. Болатын тойларын бір жыл алдын жоспарлап, шақыру билетін жіберіп қояды", - деді ол
Google компаниясының Цюрихтағы кеңсесінде 13 қазақ жұмыс істейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұнда көбінесе еуропалық асхана көп. Халал етті түріктерден аламыз. Жалпы, халал асханалар көп емес. Сұраныс болмағандықтан аз шығар деп ойлаймын. Google компаниясында жұмыс істейтін дүниежүзіндегі қазақтардың біразын танимын. Ал Цюрихта 13 қазақ жұмыс істейді. Бәріміз бір-бірімізбен араласып, қонаққа шақырып, қуанышымызды бөлісіп тұрамыз. Барынша салт-дәстүрді ұстанамыз", - деді ол.
"Қазақша мультфильм таба алмадық"
Аман Өтемұратов швейцариялықтардың балабақшасындағы ерекшеліктерді атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Цюрихта балабақшада күн сайын баланы далаға табиғат аясына шығарады. Қалың киімдерінің бәрін әкеліп қоюды сұрайды. Күнде сурет салып, шығармашылық жұмыстармен айналысады. Жыл сайын мәдениет айы өтеді. Былтыр біз де қатысып, Қазақстан туралы айтып, ұлттық киімдерді көрсетіп, ойындарымызды ойнадық. Әйелім үйден бауырсақ пісіріп апарды. Соңында домбырамен ән айтып, "Қара жорға" биледік. Балаларға қатты ұнады. "Мәдениет" айында әр түрлі ұлт өкілдері өз ұлтының тарихын дәстүрін солай таныстырады", - деді ол.
4 жастағы қызы үйде қазақша сөйлейді. Ал балабақшадан неміс тілін үйренген.
"Швейцарияда балабақшадағы мұғалімдер неміс тілінде сөйлейді. Қызым қазақ және неміс тілін біледі. Үйде қазақша сөйлесеміз. Ал орысша мүлдем білмейді. Кеше Алматыдағы кинотеатрдан қазақша мультфильм көргіміз келді. Сөйтсем, бәрі орысша, ал қазақшасы тек мәтін түрінде екен. 4-5 жастағы қыз сөйлемді жылдам оқып үлгермейді ғой. "Қызыма қазақша мультфильмді қайдан көрсетемін?" деп ойланып қалдым", - деді ол.
"Жеке көліктің аса бір қажеті жоқ"
Швейцарияда жеке көліктің аса бір қажеттілігі жоқ. Пойыз бен автобустар жоспарлаған уақытқа сай жүреді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Мұнда транспорт жақсы дамыған. Автокөлігім бар, бірақ оны тек демалыста тауға барғанда қолданамыз. Жұмысқа пойызбен және автобуспен барамын. Барлығы өз уақытымен жүреді. Пойызбен 15 минут жүріп, 3 минут ішінде автобусқа мінемін. Ешқайсысы кешікпейді. Жұмысқа 25-30 минутта жетемін. Ол жақта жеке көлікке аса бір қажеттілік жоқ", - деді ол.
Оның айтуынша, пәтер жалдау құны 1 250 000 теңгеден басталады.
"Біз қаладан шет жақта тұрамыз. Пәтер жалдау құны шамамен 1 250 000 тг, медициналық сақтандыру ересек адамға 150 000 тг, кішкентай балаларға 55-60 мың тг төңірегінде , транспорт абоненті бір айға 50 мың тг, балабақша құны 1 267 000 тг болады. Азық-түлік бағасы Қазақстанмен бірдей болып қалады. Швейцарияда ең төменгі айлық 2 535 000 тг шамасында бекіткен", - деді ол.
"Бес жылдан соң елге қайтамын"
Оның айтуынша, компаниядағы әр қызметкердің техникалық білім өте мықты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Компанияда инженер ретінде өте жақсы білім алып, көп тәжірибе алып шығасыз. Әр қызметкер мықты университетте білім алған. Олардан үйренетін нәрсе көп. Компанияда 100-ге жуық қазақстандық бар. Қазақстанға қайту шетелде жүрген әр қазақтың жүрегіндегі жүрген сұрақ деп ойлаймын. Сәл ауырлау сұрақ деп ойлаймын. 2017 жылы берген сұхбатымда "бес жылдан соң елге қайтамын" деп жауап бергенмін. Ал ол сұхбатты мен 7 жыл алдын бергенмін. Қазір де сұраса "бес жыл" деп жауап беремін. Өте қиын сұрақ. Швейцария мемлекетінде тұрғаннан кейін ондай мемлекетті тастап кетуге қимайсың. Барлық жағдайды жасаған. Ұсыныстар түсіп жатса ойлануға болады", - деді ол.
Аман Өтемұратов болашақ мақсат-жоспарымен де бөлісті.
"Қазақстанға келсем, сол жақтан жинаған тәжірибеммен басқаша мәдениеттегі техникалық жағынан жұмысшылар жақсы тәжірибе жинайтын компания ашқым келеді. Әзірге компаниядағы деңгейімді өсіргім келеді. Жақында senior деңгейін алдым", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы