Ақмола облысында алаяқ бір жылда 45 адамға миллиондап несие алдырған

Ақмола облысында алаяқ бір жылда 45 адамға миллиондап несие алдырған
Фото: КТК

Ақмола облысында 51 жастағы әйел бір жылда 45 адамға банктен миллиондап несие рәсімдеуге көмектесіп, қарызға батырған. Ол алынған ақшаның тең жартысын өз қалтасына басыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

"Ауру қызым бар, төрт баланың әкесімін. Бес-бес миллионнан төрт банктен 20 миллион алдым. Соның жартысын, 10 миллион 200 мыңын қолына санап бердім".

Бұл банктен сол әйелдің көмегімен несие рәсімдеген бір ғана азаматтың әңгімесі. Олардың айтуынша, несие ала алмай жүргендерді ол өзі тауып алады екен. Тіпті ешбір банк түрлі себеппен кредит бермейтін адамның өзіне таныс менеджерлері арқылы әп- сәтте несие рәсімдеп беріп отырған. Бұланды, Бурабай аудандарының тұрғындары келісіммен алынған қаражаттың 50 пайызын оған санап береді екен. Алғашқыда кредитті жауып отырам деп уәде берген. Бірақ, уақыт өте қарыз төленбей, тіпті оны таба алмай қалған. Күдікті әйел қазір қамауға алынды. Жәбірленушілердің саны күн санап көбейіп келеді. 

"Әр адамға рәсімделген несиенің мөлшері 1 миллионнан 13 жарым миллион теңгеге дейін. Қазір облыстың екі ауданынан 51 жастағы осы әйелге шағым толассыз түсіп жатыр. Несиені әртүрлі банктен таныстары арқылы алып отырған. Күдіктіге алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина