"Өкіріп жыладым, не істерімді білмедім". Келін болып түскенінде ауылдағы қарт кісі зорламақ болған әйелдің оқиғасы

"Өкіріп жыладым, не істерімді білмедім". Келін болып түскенінде ауылдағы қарт кісі зорламақ болған әйелдің оқиғасы
Фото: depositphotos.com

Заңгер, ҚҚ "Human Rights Lawyers" басшысы Ләззат Ракишева өзіне келген кезекті хатты бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Хатта жас келін болып түскенінде ауылдағы қарт кісі зорламақ болған әйелдің оқиғасы жазылған.

"Мен де өз басымнан өткен бір жайтты баяндап кетсем. Алла сақтасын мен зорланған жоқпын. Бірақ шақ қалды.

Келін болып түскеніме 3 жыл. Бір ұлым бар, екіншісіне үш айлық жүктілігім бар. Ауылда тұрамыз. Егінмен айналысамыз. Ата енем, жолдасым, кіші қайным бәрі егінге кеткен. Үйде балам екеуіміз ғана жүретінбіз. Рамазан айы болатын. Ауызашарға пайдаланатын үлкен қазан біздің үйде еді. Қайын атамнан 3-4 жас үлкен кісі, ауылдағы аталар қатарындағы кісі. Ауылымыз кішкентай ғана 15 үй ғана тұрамыз. Бәрін жақсы танимыз. Бір әулеттің ұрпақтары сияқты жақсы тұрамыз. Кезекті ауызашар сол атаның үйінде болатын болды. Үйдегі қазанды алып кетуге келді. Есік алдында шие ағашы көп еді. Теріп жеп жүргенбіз. Келіп әңгімелесіп тұрды. Көршінің балалары бар еді жанымда ол кезде. Ол кісінің келіні кетіп қалған болатын. Сол жайлы сөз қозғады, "баласын алдыртып тастапты кеткен соң" деп. Үнемі үйге келіп жүрген ата болғасын әңгімесін тыңдап тұра бердім. Шерін тарқатып болғасын кетті", - деп жазған ол.

Алайда келесі күні келгенде жас келінге қол сұғыпты. 

"Ертесіне қазанды қайта алып келді. Сосын және шер тарқату басталды. Тыңдап жүре бердім, баламды ойнатып, көтеріп алғанмын. Біраз сөйледі. Сосын су сұрады. Су үйдің ішінде еді. Қазір алып шығамын деп баламды ертіп кіріп кеттім. Артымнан келгенін баламның былдырлаған даусынан естімеппін. Су құйып жатсам артымнан келіп құшақтап жатыр, мойнымнан иіскеп. Шошып кеттім.
"Не істеп жатырсыз?" деп итеріп жібердім.
Сондада жабысып жатыр, "бір рет, бір рет берші маған қуанышыңды" деді, есімде қалған сөздері.
Сосын "жоғалыңыз" қатты итеріп жібердім, жерге құлап қалды. Сосын "ренжімеші, кешірші" деп қайталап шығып кетті.
Өкіріп жыладым "не істеймін, кімге айтамын?" деп. Бірақ білмеймін неге айтпағанымды үйдегі ешкімге айтпадым.
Тек абысынымның үйіне бардым 5-6 үй арыда тұрады.
Барсам ол кісіде имамға дем салдыруға кетіп жатыр екен. Ілесіп көлікке мініп алдым. Жанымызда қайын аға болғасын ештеңе демедім, бірақ айтқым келіп әрең шыдадым", - дейді ол.

Хат иесі осы жағдайдан кейін үнемі қорқып жүретінін жеткізді. 

"Ертеңіне үйде қалуға қорықтым. Көршінің үйіне бардым түске дейін сонда жүрдім.
Келесі күні апамды үйде қалдырып өзім егінге кетіп қалдым.
2 күннен соң және түскі уақытта нан пісіріп отырғанмын. Сол кісі келіп тұр есік алдына атамды сұрап.
Шықпай отырдым біраз. Тақылдатып қоймағасын қолыма пышақ алдымда шықтым. Атамды сұрады да үндемей кетіп қалды. Сол содан ол кісіге сәлем салмаймын. Үйінде жиын болса бармаймын. Кейіннен естіп жатырмын, ол кісі бұрындада солай бір жас келіншекке 3-4 адам болып тиісіп, ол келіншекті жолдасы кінәләп қуып жіберген екен.
Сосын ойладым өз келініне де тиіскен болса керек. Сол үшінде кетіп қалған шығар деп. Себебі келінімен бала бір-бірін ұнатып келісімді түрде алып қашып келген. Үлкен той белгіленіп, тойға бір апта қалғанда егін егетін алқаптың ортасымен, тікен басқан жермен кетіп жатқанын ауылдағы жас балалар көрген.

Төрт ай болды бөлек пәтерге шығып кеткенімізге.
Сондада жолдасым үйде болмаған кезде біреу келіп қала ма деп есікті құлыптап отырамын.

Қанша жерден сенімді жақындарыңыз болса да, балаларыңызға абай болыңыздар.
Өмірінің соңына дейін ұмытылмайтын естелік қалып қоймасын", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә