Күнде ет жесе не болады?

Күнде ет жесе не болады?
Фото: pixabay.com

Тамақтану біздің жалпы денсаулығымызда шешуші рөл атқарады. Алайда барлық нәрседе секілді тамақтануда да шаманы білу маңызды. Өзекті мәселенің бірі – ет жеу. Рационда етті өнімдердің көп болуы ағзаға қалай әсер етуі мүмкін? Етті күнде жеуге бола ма? 

Етті күнде жеу пайдалы ма?

Етті күнде жеудің адам денсаулығы үшін жағымды да, жағымсыз да салдары болуы мүмкін. Ет – ағзаның дұрыс қызмет етуіне қажетті ақуыз, темір, мырыш және В тобы дәрумендерінің көзі. Алайда етті көп жеу денсаулыққа қатысты түрлі проблемаларға әкелуі мүмкін.

Етті көп жеу несімен қауіпті?

Артық май мен холестерин жүрек-қан тамырлар жүйесіне қауіпті. Етте, әсіресе қызыл және майлы етте қаныққан майлар мен холестерин мөлшері көп. Бұл компоненттердің көп болуы қандағы холестерин деңгейінің артып кетуіне және жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін арттыруы мүмкін. Холестериннің жоғары деңгейі қан тамырлар қабырғаларында түйіншектердің пайда болуына, ал ол артериосклерозға және жоғары қан қысымына әкелуі мүмкін.

Онкологиялық аурулардың даму қаупі. Кей зерттеулер етті көп жеу мен қатерлі ісік, әсіресе, ішек қатерлі ісігінің даму қаупінің арасында байланыс бар екенін анықтаған.

Асқорыту және зат алмасу проблемалары. Етті өнімдерді көп жеу асқорыту органдарына күш түсіруі мүмкін. Ауыр және майлы ақуыздар ауырлық сезімін, асқазан ауыруын және асқорытудың бұзылуын тудыруы мүмкін. Оған қоса, етті көп жеу зат алмасуға әсер етіп, семіздік пен сонымен байланысты аурулардың даму қаупін арттырады.

Экологиялық аспекті. Етті көп жеу қоршаған ортаға да жағымсыз әсер етеді. Ет өндіру процесі парниктік газдардың шығарылуымен, су ресурстарының ластануымен және ормандарды кесумен байланысты. Әлемдік деңгейде етті тұтынудың артуы планетадағы экологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал етеді.

Тепе-теңдік пен әртүрлілік – дұрыс тамақтану кілті

Ет ақуыз, темір және басқа да қоректік заттардың көзі екенін түсіну маңызды. Алайда кез келген тамақтану өніміндегі секілді ет жеуде де тепе-теңдік пен түрлілікті сақтау маңызды. Рационға ақуыздың әртүрлі көзін қосу керек және етті мөлшермен жеу керек.

Етті қалай жеген дұрыс? Бірнеше кеңес

Әр адамның жеке қажеттіліктері әртүрлі болады. Десе де, ет таңдау кезінде қажет болуы мүмкін бірнеше кеңес ұсынамыз:

Қызыл ет. Оған сиыр еті, қой еті, жылқы еті жатады. Қызыл ет ақуыз, темір және В тобының дәрумендеріне бай. Қызыл етті өте көп жеу ұсынылмайды және оны суға немесе буға пісіріп жеген дұрыс.

Өңделген ет өнімдері. Шұжық, ветчина және басқа да өңделген ет өнімдерінде тұз, консерванттар және қосымшалар көп. Оларды көп жеу жүрек-қан тамырлар ауруларымен және қатерлі ісіктің даму қаупімен байланысты. Сондықтан оларды аз жеуге тырысыңыз және майсыз түрін таңдаңыз.

Құс еті. Тауық еті мен күркетауық етінің калориясы төмен және қызыл етпен салыстырғанда майы аз болып саналады. Алайда басқа ет түрлері секілді оларды да мөлшерден тыс көп жемеген жөн.

Балық еті. Балық омега-3 майлы қышқылдарына май. Ол жүрек-қан тамырлар жүйесіне және миға жағымды әсер етеді. Балықты жеу дұрыс рационның бір бөлігі ретінде ұсынылады.

Қорытынды

Етті көп жеу денсаулыққа қатысты көптеген жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, еттің сапасына, оны дайындау әдісіне және рациондағы көлеміне мән беру керек. Дұрыс рацион әрқашан тепе-теңдік пен әртүрлілікке негізделеді. Өңделген ет өнімдері мен майлы ет түрілерін азайтыңыз. Етті мөлшермен жеу ағзаға пайдалы. 

Оқи отырыңыз: Шайды көп ішу ағзаға қалай әсер етеді?

Дереккөз: Vesti.kz

А. Жапатова