"Дипломаттардың әйеліне сабақ беремін". Лондонда қазақ тілін үйрететін 11 жастағы Кәусар Ғалымжанқызымен сұхбат

"Дипломаттардың әйеліне сабақ беремін". Лондонда қазақ тілін үйрететін 11 жастағы Кәусар Ғалымжанқызымен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

11 жастағы Кәусар Ғалымжанқызы Лондонда қыздарға арналған Элизабет Гаррет Андерсен орта мектебінің 7-сыныбында оқиды. Қазіргі таңда ол Лондонда шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп жүр. Massaget.kz тілшісі Тұманды Альбион еліндегі Кәусармен және оның әкесі Ғалымжан Қараманұлымен хабарласып, сұхбаттасты.

"Төрт тіл білемін"

Кәусар Қараман "Balapan" телеарнасы арқылы балаларға ағылшын тілін үйретеді. Ол Лондонға алғаш көшіп барғанда небәрі үш жаста болған. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кәусар Ғалымжанқызы Қараман (@misskaussar)

"Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің тумасымын. Ата-анам қазақстандық "24.kz", Qazaqstan телеарналарының Ұлыбританиядағы тілшілері болып жұмыс істейді. Қазақ тілін үйретудегі негізгі мақсатым - шетелдіктердің елімізге деген сүйіспеншілігін ояту", - деді ол.

Ол қазақ тілімен қатар, ағылшын, француз және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

"Үйде тек ана тілінде сөйлесеміз. Өйткені Лондонда тілдік орта жоқ. Барлығы ағылшын тілінде. Үш жасымнан бастап ағылшын тілін үйрендім. Бастапқыда балабақшаға барып, жаңа ортаны жатырқағаным рас. Жүзе алмайтын адамды суға лақтырып жібергендей болды. Бірақ ата-анам тілді меңгеріп, әлеуметтенгенімді қалады. Әлі есімде, анамнан "су ағылшынша қалай болады?" деп сұрағаным бар. Жаттап алу үшін балабақшаға дейін "water, water" деп бірнеше рет қайталап бардым. Ал мектепте француз тілін қосымша тіл ретінде үйрендім. Ал орыс тілін Қазақстанға барған кезде меңгеріп алдым", - деді ол.

"Димаштың жанкүйерлері ұсынды"

Оның айтуынша, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, қазақ тілін үйренгісі келетіндерін айтқан.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кәусар Ғалымжанқызы Қараман (@misskaussar)

"Мені өте мазмұнды кешке шақырды. Сол кезде алғаш кішкентай мұғалім болып, ана тілімізді үйреттім. Фан-клуб мүшелері Димаштың әндерін қазақша орындады. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Dears-тар Қазақстанға қайырымдылыққа 1 миллион теңге аударды. Бұл ақшаға Балалар ауылының тәрбиеленушілері музыкалық аспаптар сатып алады", - деді Кәусар.

Бұдан кейін Исландия, Катар, Пәкістан, Малайзия және басқа да мемлекет өкілдері ұлы Абай тілін үйренгісі келетінін айтып, ұсыныс түскен.

"Елшілікке жиналған нәзікжанды қауымға яғни, Лондондағы шетелдік дипломаттардың әйелдеріне де сабақ бердім. Сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұратын қазақ тілін бір мезетте меңгеру мүмкін емес екендігін олар мойындайды. Бастысы талаптанып, алғашқы қадамдар жасап үлгерді. Сабақтар күрделі емес. Тілді тереңдетіп оқыту мақсат емес. Бастысы - шетелдіктерге елімізді, жерімізді таныту, сол арқылы сүйіспеншілігін ояту", – дейді ол.

"Тіл үйрету сабақтары тегін"

Тереңдетіп оқыту курстарымен "Отандастар" қоры айналысып жүр. Ұлыбританияда өмір сүріп жатқан қазақтармен қатар шетелдіктерге де сабақ береді. Ал 11 жастағы оқушы Кәусарға ол қосымша жұмыс.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кәусар Ғалымжанқызы Қараман (@misskaussar)

"Тіл үйрету сабақтары тегін. Тереңдетілген формада өтпейді. Яғни, тек алғаш танысқан кезде айтылатын сөздер, өмірде аса қажет сөз тіркестері үйретіледі. Ең басты мақсатымыз "soft power - жұмсақ күш" қағидасын пайдаланып, шетелдіктердің елімізге деген сүйіспеншілігін ояту, бай мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді таныту, Қазақстанның туристік әлеуетін паш ету", - деді ол.

Кәусардың айтуынша, Balapan телеарнасынан шығатын "Мисс Кәусар" бағдарламасының авторы әрі продюсері – өз әкесі Ғалымжан Қараманұлы. Оның бастапқыда ютуб желісіндегі шетелдік, америкалық, британиялық блогерлерге еліктеп блогтар түсіріп жүрген кезде әкесі қабілетін байқап, бағдарламаға түсуді ұсынған екен.

"Видеоға түсіріп жүргенімді сырттай бақылап жүрген әкем бір күні бағдарлама туралы айтып, ұсынысын білдірді. Қуана келістім. Себебі ағылшын тілін тек өзім білім алып қана қоймай, елдегі балалардың үйренуіне сеп болғым келді. Сөйтіп, әкем Balapan телеарнасының басшылығына ұсынысын айтып, жоспарымызбен таныстырды. Олар қабылдады. Осы жылы "Мисс Кәусардың" үшінші маусымын жалғастырдық. Інім Мистер Алмасбек екеуіміз жүргіздік. Алдағы уақытта "Балапан" телеарнасынан шығатын ситуациялық-комедиялық сериал түсіргіміз келеді. Егер телеарна ұжымының көркемдік кеңесі бекітсе, сол жобаға кірісеміз", – дейді Кәусар.

"Ұлттық киімдерді отандық дизайнерлерге тіктіреміз"

Кәусардың әкесі Ғалымжан Қараманұлының айтуынша, қызы Лондонда балаларға арналған драма мектебіне барып, актерлік өнерді меңгеріп жүр. Онда кәсіби мамандар Кәусарға сахнада өзін қалай ұстау қажеттігін үйретеді екен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кәусар Ғалымжанқызы Қараман (@misskaussar)

"Драма мектебінің агенттері британиялық сериалдар түсуге мүмкіндік беретін кастингтерге қатысуға көмектеседі. Бұйырса, Қазақстанның атын шығаратын әлем жұлдызы болады деген зор үміттеміз. Кәусарға ұлттық киімдерді Қазақстаннан тапсырыс береміз. Дизайнын ойластырып, Кәусардың өлшемін жібереміз. Қазақстандық тігіншілер соған сай костюм тігіп береді. Кейде ұлттық киімдерді дизайнерлердің өздері ұсынады. Мәселен, отандық дизайнер Ханум Айдаш Кәусарға қымбат матадан әдемі көйлек тігіп бергенде қатты қуандық", – деді әкесі.

Әкесінің айтуынша, балаларымен үйде тек қана қазақ тілінде сөйлеседі.

"Әрқашан ұлттық салт-дәстүрді ұстанамыз. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерді тойлаймыз. Британдықтарға өз еліміз туралы жиі айтамыз. Үйге шақырып, қонақжайлылық көрсетеміз. Ұлттық тағамдарымызды дайындап, ұсынамыз. Ұлыбританияда этникалық топтардың мәдениеті мен жан-жақты дамуына жақсы жағдай жасалған.  Үйде тек қана қазақша сөйлесеміз. Бұл - біздің отбасының айнымас ережесі. Себебі балаларыма тілдік орта жоқ. Олардың бәрі лондондық мектептерде ағылшын тілінде оқиды. Кішкентайлары қазақ мектепке мүлдем бармады. Бірақ қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Біз балаларымыздың бойындағы ұлттық қасиет жоғалмағанын қалаймыз", - деді ол. 

"Жазғы демалысты Қазақстанда өткіземіз"

Ғалымжан Қараманұлының айтуынша, балалар оқитын мектепте әр жыл сайын шетелдіктер күні тойланады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Кәусар Ғалымжанқызы Қараман (@misskaussar)

"Мұғалімдер сыныптағы оқушылардың бір-бірінің ұлтын, елін, мәдениетін таныстырып, салт-дәстүрі туралы айтып береді. Біз де бұл мерекеге қатысамыз. Отбасымызбен ұлттық киім киіп, бауырсақ пісіріп, басқа да ұлттық тағамдарды дайындап апарамыз", - деді ол.

Сондай-ақ, ол жазғы демалысты міндетті түрде Қазақстанда өткізетінін айтты.

"Әр жылы жазғы демалыста Қазақстанға барып, туған жерімізде боламыз. Олар Қызылордада дүниеге келді. Одан бөлек Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау және басқа да әдемі қалаларды балаларымызға көрсетуге тырысамыз",- деді Ғалымжан Қараманұлы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы