Алматыда ауданның бұрынғы әкімі жауапқа тартылды

Алматыда ауданның бұрынғы әкімі жауапқа тартылды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Алматы қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру барысында жергілікті атқарушы органдар жіберетін заң бұзушылықтарды анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мысалы, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларда сәйкес рұқсаттың (лицензия) болуына қарамастан, тапсырыс беруші (ұйымдастырушы) олардың конкурстық өтінімдерін негізсіз кері қайтарған, егер олар конкурсқа жіберілгенде, 100 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге болатын еді.

Көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін бұрынғы аудан әкіміне 9.2 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына 43.3 млн. теңгеге 161 әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Басқа жағдайда, тапсырыс берушілердің бірі конкурс жариялау кезінде тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді біртекті түрлері мен оларды жеткізу орны бойынша бөлмеген, осылайша ірі кәсіпкерлерге артықшылық бере отырып, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетті өнім берушілерін конкурсқа қатысудан шектеген.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша конкурстың күші жойылды және мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілердің тең шарттары сақталуына сәйкес қайта өткізілді.

Жалпы, 2024 жылдың басынан бастап прокурорлардың актілері бойынша 10 млрд. теңгеден астам сомаға конкурстар тоқтатылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина