- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Онкологиялық ауруларды азайтады....
Онкологиялық ауруларды азайтады. Сарапшы бірыңғай уақыт белдеуіне ауысудың ең басты пайдасын айтты
Бүгін түнде қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуіне ауысады. Естеріңізде болса, 2023 жылы желтоқсан басында үкімет қаулысының жобасы талқылауға шығарылған еді. Ал 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті. Бұл өзгеріс Қазақстан халқына қалай әсер етпек? Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қатерлі ісік пен суицидті азайтады деген министрдің мәлімдемесі шындыққа жанаса ма? Massaget.kz тілшісі Биология ғылымдарының кандидаты, физиолог-ғалым Асқар Қалекешовпен сұхбаттасып, маңызды сауалдарға жауап алды.
- Бұл өзгеріс ел азаматтарына қалай әсер етеді? Бұдан келетін қауіп бар ма?
- Бұл мәселе 2019 жылы Қостанай облысын ауыстыру бойынша көтерілді. 2020 жылы үкіметтің жанынан жұмыс тобы құрылды. Олар UTC + 4-те болса бүгінгі күні олар + 6 мен өмір сүріп жатыр. Екі сағаттық айырмашылық бар. 2018 жылы Қызылорда қаласа да + 5-ке ауыстырылды. Қостанай екеуі бір уақыттық белдеуде. Соңғы 2-3 жылдық зерттеуден кейін +6-да тұрған облыстарды +5-ке, яғни бір сағат артқа шегеру туралы шешім қабылдадық. Шегерілетін UTC + 6-да тұрған облыстар. Ал UTC + 5-те жүрген Орал, Атырау, Қызылорда, Ақтау, облыстары өз уақытында қалады.
фото: massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Кейбір адамдар бұл өзгерісті Марстан Айға ауысқан секілді үлкен өзгеріс деп ойлайды. Шын мәнінде бұл таңқалатын немесе қорқатын жағдай емес. Біз бар болғаны табиғи уақытқа келіп жатырмыз. Кеңес өкіметі кезеңінен қалып қойған озық жүрген уақытымызды кері орнына келтірдік. Бұл табиғи уақытқа қайтудың адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Бейімделу әп-сәтте жүреді. Сіздің организмдегі биоырғақ милиондаған жыл бұрын қалыптасқан. Дәл осы саланы зерттейтін хронобиология деген ғылым бар. Осы ғылымның зерттеуіне сүйенетін болсақ өзінің уақыттық белдеуімен жүрген организм ешқандай теріс әсер алмайды. Бұл адам организмі үшін қолайлы.
Фото: Петропавловск news / Kesantielu Dasefern
- Бұл өзгерістің пайдасы қандай?
- Ал уақыт белдеуінен озық жүру адам ағзасында стресс тудырады. Ұйқы негізінде түзілетін мелатонин гормонының аз бөлінуіне және соның нәтижесінде кортизол гормонының ауытқуына алып келеді. Ал кортизол өз кезегінде стресстік факторға қарсы тұру мүмкіндігін арттырады. Ұйқы процесінің бұзылуы, мысалы түнгі ауысымда жұмыс істеп ұйқысын бұзғандар және көлік жүргізіп жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жандарды суицидке апару жағдайы бар. Үлкен қалаларға жақын маңда тұратын адамдар жұмысқа келу үшін сағат таңғы 5-те, 6-да тұрады. Кептеліске қалмау үшін ерте келуге тырысады. Ең бірінші табиғатпен үндесу керек. Табиғатпен үндесіп, уақытында ұйықтап, уақытында тұрсаңыз организмде ешқандай стресс болмайды. Стресс орын алмаса адамның өмір сүру ұзақтығы, аурулардың алдын алу мүмкіндігі жоғары.
- Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтардың әртүрлі уақыт белдеуінде өмір сүргенінінің салдарынан қатерлі ісік аурулары мен суицидтің көп болғанын айтты. Министрдің сөзінің жаны бар ма?
- Бұл керіспей келісетін сөз. Кез келген денсаулық сақтау ұйымдарына барсаңыз барлық аурудың негізгі себебі - ұйқы қанбау, ұйқы процесінің бұзылуы. Мәселен сіздің ұйқыңыз қанбаса белгілі бір ұзақ уақыттан кейін стреске шалдығасыз. Ал стрестік жағдай әртүрлі аутоиммундық, әртүрлі созылмалы ауруларға алып келеді. Соның ішінде онкологиялық аурулармен ауыратындар көбейеді. Ересектерді былай қойғанда жасөспірімдердің арасында мұндай аурулар белең алып келеді. Бұл шешіммен біз ұйқы процесінің бұзылуының алдын аламыз. Бұл бір күнде, бір айда нәтиже бермейді. 10-20 жылдың ішінде өзінің нәтижесін көрсетеді. Ал қазір бұл мәселені реттемесек болашақта біздің ұрпағымыздың денсаулығының бұзылуы көптеген қайғылы жағдайға алып келеді.
Фото: primeminister.kz / Сауда және интеграция министрі Шаққалиев Арман Абайұлы
- Бірыңғай уақыттық белдеуге ауысуға ШҚО халқы қарсы болды. Бірнеше мәрте наразылық білдірді. Бұл өңірдің халқына түсіндіру жұмыстары болды ма? Олардың қарсы шығуына негіз барма?
- Бұл шешімді қабылдауда экономикалық, транпорттық, халықаралық қатынастар жағынан қаралған жоқ. Ең бастысы адамның денсаулығы. Иә, шешім қабылдарда "неге халықтың пікірін сұрамайды" деген пікірлер болды. Себебі көптеген адам бұл саладан хабарсыз. Қарапайым адамдардың салаға қатысты түпкілікті білімі, түсінігі жоқ. Алайда халықтың өзі түсінбеген нәрсеге қарсы шығуы дұрыс деп есептеймін.
Жалпы біздің ел 4 географиялық уақыттық белдеуге бөлінген. Бұл бізде әкімшілік бөліністе қолданылмайды. Оны қолданатын болсақ Қазақстанды төртке бөліп тастаймыз. Атырау мен Оралдың батыс аймақтары +3, орталыққа дейін +4, орталықтан шығысқа дейін +5, шығыстың кішкентай ғана бөлігі +6 болады. Ал біз адамдарға 4 уақыт белдеуі негізінде жағдай жасайтын болсақ ішкі экономикалық процестер бұзылады. ШҚО 7-ақ пайызы +6-ға кіреді. +6 мен +5-уақыт белдеуінен айырмашылғы 15 минут. Сол себепті бірыңғай уақыт белдеуі шығыс халқына кері әсер етпейді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов