"Криптовалютамен ақша жинаған". Астанада 535 адамды алдаған алаяқ сотталды

Елордада Eolus қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларының бірі 6 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Күдікті Астанада Eolus қаржы пирамидасының бөлімшесін ұйымдастырған.

2023 жылы ол ENERGY EOLUS QAZAQSTAN компаниясын ашып, АҚШ-та орналасқан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу желеуімен жеке тұлғалардан ақша жинаған. Инвесторлардың қаражаты криптовалюта түрінде тартылған. Есепке алу мен қайта бөлу үшін шетелдік хакерлер жасаған energyeolus.info платформасында көрсетілген.

"Астанада 535 адам қаржы пирамидасына ақша салған. Сот шешімімен 187 млн теңгеге тең 408 мың USDt көлеміндегі криптовалюта тәркіленді. Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушы 5 жылға ақша мен инвестициясын тартуға байланысты қызметпен айналыса алмайды", - деп жазылған хабарламада.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz