Қауіпті гаджет: кішкентай балалардың смартфонды тым көп уақыт ұстауының қандай зияны бар?

Қауіпті гаджет: кішкентай балалардың смартфонды тым көп уақыт ұстауының қандай зияны бар?
Фото: elements.envato.com

XХI ғасырда дүниеге келген Z ұрпақтың инновацияға, жаңа технологияға жақын екені белгілі. Оған ата-аналар да қарсы емес, көбі баласының заманауи озық техникалардың тілін білгенін қалап тұрады. Алайда, не нәрсе шектен тыс көп болса, оның зардабы да бар. Смартфон, планшет сынды гаджеттерді тым көп ұстаудың зиянды жақтары да бар.  Сол үшін де ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты "Қарлығаш" балабақшасының психологы Гүлжиһан Әділбекқызымен мектеп жасына дейінгі балалардың әртүрлі гаджеттерді қолдануының зияны, мінез-құлыққа әсері туралы сұхбаттастық.

- Гүлжиһан Әділбекқызы, мектеп жасына дейінгі балаларға неше жастан бастап гаджет қолдануға рұқсат берген жөн?

- Қазіргі таңда барлық балалар смартфон мен планшетті белсенді пайдаланады. Десек те оны шамадан тыс көп пайдалану – әртүрлі күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.

Екі жасқа дейінгі бүлдіршіндерге мультфильмдер көруге, телефоннан әртүрлі ойындар ойнауға рұқсат бермеген жөн. Ал 3-6 жастағы балдырғанныңкүнделікті нормасы 40-60 минуттан аспауы керек. Оның да өз ережесі бар, бала60 минут гаджет пайдалану үшін 3 сағат физикалық белсенділікпен айналысқаны жөн.

- Баланың денсаулығы мен психологиясына смартфонның қандай қаупі бар?

- Негізі қарым-қатынас дағдыларын дұрыс қалыптастыру үшін ересектермен және қатарластарымен байланыс жасап, сюжеттік, рөлдік ойындар ойнауыкерек. Гаджетті жиі қолданатын балаларда бұл дағдылар дұрыс қалыптаспайды. Телефонға байлану баланың психологиялық тұрғыда мінез-құлқының бұзылуына алып келеді. Бүлдіршін өз қатарластары еркін қол жеткізетін ақпаратты өз бетінше бағалай алмайды. Қатігездік, психоз, агрессияның күшеюі, мазасыздық соныңсалдары. Ұйықтар алдында телефон ұстау аз ұйықтауына, түнде жиі оянуына, соның кесірінен  ашуланшақ, шаршаңқы болуына, зейіннің тез бұзылуына әсер етеді.

- Заманауи технологиялар дамыған заманында балаға электронды құралдарды пайдалануға тыйым салу өте қиын. Осы тұста тәуелділіктің басты себебі неде деп ойлайсыз?

- Гаджетті қолдану барысында ағзада дофамин (рахат гормоны) көп өнеді, ол – тәуелділік туғызады. Тәуелділікті жеңуі үшін баланың қызығушылығын басқа нәрсеге аудару өте маңызды. Ал оны болдырмау үшін отбасылық құндылықтарды бірінші орынға шығару керек. Ересектер баланың көзінше гаджетті мүлдем қолданбай, бала келе жатқанда телефонды қалдырып, барлық назарды балаға аудару қажет. Бірге кітап оқып, серуендеп, әртүрлі ойындар ойнауоң нәтиже береді.

- Ал тәуелділіктен қалай арылуға болады?

- Ең алдымен ересектер, яғни ата-аналар әрдайымөзін қолға алғаны жөн. Олар көп жағдайда уақыт тапшылығынан балаға дұрыс көңіл бөлмей, телефонға телміртіп қояды. Егер баланың анасы немесе әкесі телефон көп қолданса, теледидарды ұзақ көрсе, өзі де осы әдеттен арылуы керек. Мектеп жасына дейінгі бала үшін оны қоршаған ересектердің іс-қимылы қатты әсер етеді. Бала гаджетке тәуелді болмасын десе, мультфильм көрсетіп отырып тамақтандыруға болмайды. Қолдан келгенше бала бар жерде телефонды дыбыссыз режимге қойған дұрыс, ал бұл ереже барлық отбасы мүшелеріне қатысты. Кез-келген гаджетті зерігуге, ашулануға қарсы құрал ретінде пайдаланудың керегі жоқ.

- Осы орайда, ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

- Ата-аналар ең бірінші баланың психикасы енді ғана қалыптаса бастағанын есте ұстауы қажет. Балаларды гаджеттермен жұмыс жасау ережелеріне үйретіп, өзіне қажетті ақпарат алуға, уақытты шектей білуге тәрбиелеуі керек.Ол үшін, жаңа айтып өткенімдей, ата-ана өзін-өзі тәрбиелегені дұрыс. Мен баласы бар адамдарға "Дети онлайн: опасности в сети", "Написанное остается", "Как не потерять ребенка в виртуальном мире" сынды кітаптарды оқуға кеңес беремін. Осы кітаптардан біраз дүние алатынына сенімдімін.

Гүлжиһан Әділбекқызы, әңгімеңізге рахмет!

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина