"Мал сойғандай он екі жілікке бөлемін". Түркістан облысында егіз ес білгелі әкесінен қорлық көріп келген

"Мал сойғандай он екі жілікке бөлемін". Түркістан облысында егіз ес білгелі әкесінен қорлық көріп келген
Фото: Видеодан алынған кадр

Елнұр мен Балнұр есімді егіз 7 айдан бері сыныптастарының үйін паналап жүр. Олардың айтуынша, әкелерінің таяғынан әбден мезі болған балаларда басқа амал қалмаған. Өкініштісі, туған-туыстары бар болғанымен, ұл мен қыздың артынан іздеу салған ешкім жоқ. Егіз "Көреміз" бағдарламасына келіп, ата-анасын іздейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елнұр мен Балнұр өз үйінен қашып, сыныптастарының анасы Индира Керімбайдан көмек сұраған. 

"Сол күні дүкеннен келіп едім. Ашуы басылмаған. Қолына мал соятын пышақ алып тұрып, "қолыңдағы тамырың мен мойныңнан кесіп, өлтіре саламын, сен маған керек емессің, мал бөлгендей он екі жілікке бөліп тастаймын, түрмеге түссем де сені өлтіремін" деді. Сосын біз қашып кеттік. Тастап кеткен иесіз үйге барып сонда түнедік. Шөлдеген соң Арыс өзенінен лай су іштік. Кеш болды. Қасқырлардың дыбысы шыққан соң жаңағы үйге бардық. Сосын Индира әпке есімізге түсті. "Жақсы жан ғой" деп ойладық. Ол сыныптасымыз Арманның анасы. Көмек сұрап едік, бізді кіргізді. Барлық жағдайымызды жасады. Телефон, киім-кешек алып беріп, оқуға да түсірді", - деді егіздер.

Егіздің анасы 10 жыл бұрын үйден қашып, із-түзсіз жоғалып кеткен.

"Басты мақсатым - анамды табу. Ес білгелі әкем ішіп келіп, анамды жерге жатқызып алып, басынан тепкілеп ұратын. Балалар араша түссе, оларды да ұратын. Бес жасымда анам үйден кетті. Сол кезде әкем қатты ұрған. Ауруханада жатып шықты. "Қабырғасы сынған" деген диагноз қойылған еді. Негізі үйде бес баламыз. Үлкен әпкеміз 2016 жылы тұрмысқа шықты. Содан бері өз бетімен өмір сүріп кетті. Одан кейінгі аға 2017-2018 жылдары Алматы, Астанаға жұмыс істеймін деп кетіп қалды. Кіші ағам біз секілді 9-сынып бітірген соң әкем қатты ұрып, базарда бір ағайдың қолында жұмыс істеп, бірге тұрады",- деді егіздер.

Олардың айтуынша, әкесі барлық айлығын ащы суға жұмсайды.

"Әкемізге барғымыз келмейді. Ащы суды көп ішеді. Айлығының бәрін соған жұмсайды. Біз үйден қашып кетпес бұрын үйде үшеуміз болғанбыз. Қазір үлкен аға-жеңгемізбен тұрады. Ішіп келген кезде оларды қуып жібереді. Екі ортада жүреді", - деді ол.

Ал балалардың әкесі жұбайының үйден кетуіне өзінің әрекеті себеп болғанын айтты.

"Балаларым Шымкентте колледждің жатақханасында оқып жатыр. Хабарласып тұрамын. Кеше туған күніммен құттықтады. Келіншегім жеңіл жүріспен ұсталды. Өмір сүруге мүмкіндік болмады. Арақ ішетін еді", -деді әкесі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы