Жеке құжаттарда қате кетсе, қалай түзеу керек?

Жеке құжаттарда қате кетсе, қалай түзеу керек?
Фото: Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Кейбір адамдардың жеке құжаттарын толтыру барысында әріптік немесе орфографиялық қате кетіп жатады. Кейде мұндай қателер мәселе тудыруы мүмкін, сондықтан қатені мейлінше өз уақытында түзеген жөн. Осыған байланысты қазақстандық адвокат Эльнура Кішкенебаева Massaget.kz тілшісі жеке құжатта қате кетсе, не істеу керегін түсіндірді.

Адвокаттың айтуынша, Қазақстан азаматының ең маңызды жеке құжатының бірі - жеке куәлік. Мемлекет үшін жеке куәлікте жазылған ақпарат өте маңызды. Мысалы, бір адамның жеке куәлігіндегі ақпарат пен туу туралы куәлігіндегі ақпарат сәйкес келмесе, ол екі түрлі адам болып саналады. 

Сонымен, егер жеке куәлікте қате кетсе, оны міндетті түрде түзету керек. Қалай?

Құжатқа кез келген өзгеріс енгізіп не болмаса қатесін түзеткіңіз келсе, тұрғылықты жер бойынша АХАЖ-ға (Азаматтық хал актілері жазбалары) барып, өтініш жазу керек. Түзеткіңіз келетін құжат түріне қарай талап етілетін құжат тізімі де өзгереді. Мысалы, қайтыс болған адамды тіркеу. 

Қызметті онлайн да (egov.kz), оффлайн да (АХАЖ) алуға болады. Керекті құжат тізімі:

  • Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш;
  • Медициналық ұйым берген қайтыс болуы туралы белгіленген құжат туралы мәлімет;
  • Көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат;
  • Қайтыс болуы сот шешімінің негізінде тіркелген жағдайда - қайтыс болу фактісін анықтау туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы заңды күшіне енген сот шешімі туралы мәліметтер;
  • Қайтыс болған адамның әскери билеті (бар болса).
  • Қажет болған жағдайда жақын туыстығын растайтын құжат.

Бұдан бөлек, тууды, некені бұзуды, әкелікті анықтауды, бала асырап алуды және атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеуге нұсқаулық бар. 

Қайтыс болған адамның жеке құжатында қате болса, мұрагерлікке әсер ете ме?

Мысалы, қайтыс болған адамның соңғы жеке куәлігінде қате кетсе, қате оның қайтыс болғанын тіркеу құжатында да қайталанады. Алайда қайтыс болған адамға 10 жыл бұрын рәсімделген мүліктің құжатында оның аты-жөні немесе басқа да дерегі дұрыс жазылған. Мұндай жағдайда қайтыс болған адамның мұрагерлері мүлікті алу барысында қиындық туындайды. 

Яғни, мұрагерлер мемлекеттік органға барып, қайтыс болған адамның құжатын түзету туралы арыз тастай алады. Ал басқа жағдайда мәселе тек сот арқылы шешіледі. Алайда бұл мұрагер мүлікті мүлде ала алмайды деген сөз емес, жай ғана жағдай қиындайды және ұзақ уақыт алады. 

Жеке құжатты қайтадан алу немесе түзету ақылы ма?

ҚР Салық кодексінің 612-бабында азаматтық хал актілерін тіркеуде мемлекеттік баж алымдардың мөлшері белгіленген, яғни қайтадан куәлік немесе туу, некені тіркеу, бұзу, қайтыс болуы туралы акт жазбаларын өзгерту, толықтыру, түзету және қалпына келтіру үшін төленуі тиіс сома бар. 

2024 жылы 1 АЕК - 3692 теңге;

  • некені тіркеу үшін төлем мөлшері - 1 АЕК;
  • некені бұзуды тіркеу үшін төлем мөлшері: кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша - 2 АЕК; 
  • сот шешімінің негізінде - 1,5 АЕК (ерлі-зайыптылардың біріне немесе екеуінен де); 
  • хабарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдар немесе 3 жылдан артық мерзімге сотталған адамдар сот шешімінің негізінде – 0,1 АЕК; 
  • тегін, атын немесе әкесінің атын, ұлтын және жынысын ауыстыруды тіркеу үшін төлем мөлшері - 2 АЕК ,
  • осы негізде  берілген зайыбының, балалардың құжаты үшін - 0,5 АЕК ;
  • туу, некені тіркеу, некені бұзу, қайтыс болуы туралы акт жазбаларын өзгерту, толықтыру, түзету және қалпына келтіріп куәлікті алу үшін төлем мөлшері - 0,5 АЕК;
  • азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайтадан куәлік алу үшін  төлем мөлшері - 1 АЕК;
  • шетел азаматтарының бала асырап алуын тіркеу үшін төлем мөлшері - 2 АЕК;
  • Азаматтық хал актілерді тіркеу туралы ҚР азаматтарына анықтамалар алу үшін төлем мөлшері - 0,3 АЕК;
  • ТМД елдерінен азаматтық хал актілерді тіркеу туралы куәлікті талап ету үшін төлем мөлшері - 0,5 АЕК;
  • шетел мемлекеттерінен, ТМД елдеріне қоспағанда азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәлікті талап ету үшін төлем мөлшері, - 1 АЕК.

"А" немесе "Ә", "Ұ" немесе "У" - қалай дұрыс жазылады?

Құжатты рәсімдеу кезінде орфография немесе орфоэпия ережелері қолданылмайды. Бірақ азаматтың туу туралы куәлігінде көрсетілген тегі, аты және әкесінің аты барлық құжатқа дәл көшіріледі. 

Мысалы, азаматтың туу туралы куәлігінде әкесінің аты "Шәріпхан", ал 16 жасқа толғанда алған жеке куәлігінде "Шаріпхан" деп жазылса, ол мемлекет үшін екі азамат ретінде есептелінеді. 

Тура осындай, туу туралы куәлікте "Жұмаділлә", ал жеке куәлікте "Жумаділла" деп жазылса қате болады.

"Сондықтан кез келген қиындық пен салдардың алдын алу үшін қате толтырылған құжатты өз уақытында түзетіп, ауыстырып отыру керек. Ал жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігінде ешқандай қате болмасын десеңіз, құжаттың дұрыс толтырылуын қадағалауға тырысыңыз", - деді Эльнура Кішкенебаева. 

Жүргізуші куәлігі мен дипломда қате кетсе, түзету керек пе?

"Иә, жүргізуші куәлігі мен жоғарғы оқу орнын аяқтағаны туралы куәлікте қате кетсе, оны түзету керек. Дипломды толтыру барысында жіберілген қатені түзету үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне, ал жүргізуші куәлігіндегі қатені түзету үшін Ішкі істер министрлігіне жүгіну қажет", - деді адвокат. 

Айта кетейік, бұған дейін құжатта аты-жөні қате жазылған азаматтарға не істеу керек? Нұсқаулық жарияланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Көзақы деген не?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә