- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қуаныш Бейсек "Қазақфильмде"...
Қуаныш Бейсек "Қазақфильмде" ең алдымен дәретхананы ауыстыру керегін айтты
Жуырда "Қазақфильм" АҚ президентінің кеңесшісі болып тағайындалған Қуаныш Бейсек алғашқы жұмыс күні туралы Revue news бағдарламасында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Режиссер 30 жыл бойы "Қазақфильм" ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмегенін жеткізді.
"Ең бірінші ұсынысым – дәретхана жүйесін жөнге келтіру. 30 жыл бойы ақша бөлінбегендіктен, сапасы өте нашар. Жақын күндері соны алмастырамыз. Одан кейін жоспарымызда павильон, костюмдер, қазақи үйлер, кинотехника бар. Осының бәрін цифрландырамыз. Бұл жемқорлықтың алдын алады әрі жалға алуды жеңілдетеді", – дейді су жаңа кеңесші.
Сондай-ақ, актер Азамат Сатыбалды кеңесші болуға таңдалған жігіттерге сенім мол екенін айтты.
"Мақсатымыз – "Қазақфильмнің" жаңа бағытын анықтау. Өйткені аталған студия соңғы жылдары көрерменінен ажырап қалды. Жастарға қуанғаным, Қуаныш Бейсек айлық сұрамады. "Қазақстандағы ең төменгі жалақы қанша, соны беріңіз, болды" деді. Қазақстандағы ең төменгі айлық – 85 мың теңге. Үшеуіне де бір сұрақты қойдым: "Қазақфильмге" жаның аши ма?" дедім. "Жанымыз ашиды" деді бірауыздан. Онда келіңдер деп айттым", – дейді Азамат Сатыбалды.
Айта кетейік, бұған дейін режиссер Қуаныш Бейсек "Қазақфильмге" жаңа қызметке тағайындалғаны туралы жазған едік. Азамат Сатыбалды Қуанышты не себепті кеңесші қызметіне шақырды? Ол туралы сілтемеге өтіп оқи аласыз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Е. Ерболұлы