Майқайыңдағы кен байыту комбинаты жұмысын тоқтатты

Майқайыңдағы кен байыту комбинаты жұмысын тоқтатты
Фото: 24.kz

"Майқайыңалтын" АҚ жұмысын тоқтатты. Оған себеп қордағы руда біткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алты жылға жететін бір млн тонна кен шахта түбінде жатыр. Оны алуға әзірге рұқсат жоқ. Қаңтардағы апаттан кейін шахта жұмысы уақытша тоқтатылып онда түсуге тыйым салынған.

Кәсіпорнындағы штат саны 933 адамды құрайды. Оның ішінде 143 қызметкер жыл сайынғы еңбек демалысында, 30 қызметкер бала күтіміне, 42 жұмысшы уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты демалыста, 5 адам ҚР қарулы күштері қатарына шақырылды. Шахтаның уақытша тоқтауына байланысты бүгінгі таңда 153 адамға жалақысының 50%-ы төленіп келді.

"Майқайыңалтын" АҚ жұмыс берушісінің ауызша түсіндірмесіне сәйкес қазіргі уақытта фабрика жұмысын тоқтатуға дайындық жүргізіп жатыр. Шамамен ағымдағы жылдың 22-23 ақпанынан бастап тоқтату жоспарлануда. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлеріне жалақысының 50%-ы төленетін болады. Жұмысы тоқтатылатын қызметкерлердің саны туралы ақпаратты кәсіпорын пысықтауда, нақты санын "Майқайыңалтын" АҚ басшылығы ағымдағы аптаның соңына дейін хабарлауды жоспарлауда", - дейді Павлодар облыстық еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров.

Басқарма басшысының міндетін атқарушының айтуынша, "Майқайыңалтын" АҚ-ы қызметкерлерді толық жұмыстан босату мәселесі қарастырып жатқан жоқ. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпорын жұмысын қайта бастауды жоспарлап отыр.

Е.Базарқұл

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz