Каспий теңізі бойындағы жер учаскелері заңсыз беріліп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру фактісін анықтады.
Кендерлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске шығанақтың оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын облыстың басты көрікті жерлерінің бірі.
Бастапқыда, 2007 жылы жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылып, кейіннен "Гелиос" ЖШС-не 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылғаны анықталды.
Талдаумен аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды.
Атап айтқанда, жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды. Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылды (Жер Кодексінің 43-бабы). Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді.
Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды (заңды күшіне енген жоқ). Бүгінде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз