- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көңілдесі болуы мүмкін"....
"Көңілдесі болуы мүмкін". Алматы облысында 4 баланы азаптаған ер адамға қатысты тың дерек белгілі болды
Алматы облысында 47 жастағы ер адам төрт баласы бар үйге баса-көктеп кіріп, кішкентайларды әбден қорлаған. Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Көршілері күдіктінің осы үйге келіп жүретінін талай көрген екен.
Оқиға кеше сағат 18:00 шамасында Жамбыл облысындағы Балғабек ауылында болған. Үлкендердің қарауынсыз отырған төрт балалы үйге ер адам баса-көктеп кіріп келіп, бүлдіршіндерді әбден қорлаған. Ұрып-соғып, аяқ-қолын байлап, қылқындырған. Кенже ұлының көзін оңдырмай көгертіп, ортаншысының бетін тіліпті. Тағы бірінің ернін кескен.
Үш ұл бала мен бір қыздың шырылдаған даусын естіген көршілері жүгіріп келіпті. Күдікті сол сәтте қашып үлгерген. Балалардың үлкені 13 жаста. Қалғаны 12, 10 және 8 жаста. Күдікті олардың тамағына пышақ тақап қорқытып, тіпті зорламақ болыпты.
"Педофилдің келгенін көрдік. Көршілермен жабылып жеткенше қашып үлгерді. Есіктен кірген ғой, анасының үйден шығып кеткенін көріп. Ал терезені, балаларды құтқарамыз деп көршілер сындырды", - деді Жадыра Жанабаева.
"Мамасы науқас, ауырам дейді. Күйеуі бар-жоғын білмеймін. Төрт баласы бар. Жас келіншек жоқ қой. Балалары тәртіпті, мамасы ауырса тамағын пісіріп береді. Бәрін істейді. Мамасы қайда болғанын білмеймін. Өзі жақында ауруханадан келді", - деді Інжу Орынбаева.
Қазір үйдің есігі жабық, терезесінің әйнегі сынған күйі тұр. Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы мұнда былтыр жазда көшіп келіпті. Әкесі болмаған. Анасы төрт баланы жалғыз асырайды. Оқиға болған кезде әйел көрші ауылға ыдыс сатуға кетіпті.
Сұмдық жағдайдан кейін балалардың төртеуі де ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетіп, басы мен бетінен жарақат алған кенже ұлын облыстық балалар ауруханасына жатқызған. Қалғанын амбулаториялық емге жіберген.
"Бір баланың сол жақ бетінде жарақаты болған. Өткір затпен кесілген. Екінші баланың ерні кесілген. Ең кішісі 8 жастағы бала, оның сол жақ беті түгел жарақат. Басы шайқалған. Басынан жарақат алған деп, облыстық балалар ауруханасына жібердік", - деді ШЖҚ "Жамбыл аудандық орталық ауруханасы" МКК дәрігер-хирургі Серік Оралов.
Округ әкімі күдікті әйелдің көңілдесі болуы мүмкін деген болжам жасады.
"Жұмыс істемейді. Екінші топтағы мүгедек болғаннан кейін балалардың жәрдемақысымен күн көреді. Ол азаматты танымаймыз. Бір-екі рет келген деп айтты өзі кеше, әйел адам. Ауылға бір-екі рет келіп, не істеп кеткен деді", - деді Тұран ауылы округінің әкімі Шыңғыс Бабагелдиев.
Бұрын адам зорлағаны үшін сотталған тұрғын көрші ауылдағы үйлердің біріне жасырынған жерінен ұсталды. Ол 47 жастағы күдікті Түркістан облысы Кентау аулының тұрғыны.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан