Журналистің көлігін қасақана өртеп жіберген Атырау тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды

Журналистің көлігін қасақана өртеп жіберген Атырау тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: Мой город

Атырауда журналистің көлігін әдейі өртеген тұрғынның соты өтіп, ол бес жыл бір айға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Голос народаға" сілтеме жасап.

Жәбірленуші әйгілі журналист Виктор Сутягин. Төтенше жағдай былтыр мамырда болған еді. Айыпталушының іс-әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. 

Іс материалдары бойынша 2023 жылы 11 мамырда сотталушы жәбірленушінің автокөлігін қасақана өртеп жібергені белгілі болды. Автокөлік иесіне 25 миллион теңгеге материалдық шығын келтірілді.

Виктор Сутягиннің айтуынша, көлік толығымен өртеніп кеткен.

"Кешке көлікті үйдің жанындағы тұрақта қалдырдым. Бізде адамның көлікке жақындап, әдейі өртеп жібергенін дәлелдейтін бейне бар. Мен өзім ештеңе естіген жоқпын, бірақ көршілер көліктің бірнеше рет жарылғанын айтты", - деді Виктор Сутягин.

Айыпталушының кінәсі сотталушының өзінің, куәгерлердің айғақтары, бақылау камераларындағы фото-бейнежазбалар және істің басқа материалдарымен расталды. Айыпталушы өзінің кінәсін мойындады, шын жүректен өкініп, тергеуге белсенді көмектесті.

Сот үкімімен сотталушы аса ірі залал келтіріп, бөтен адамның мүлкін қасақана жойғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған бес жыл және бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.

Тағы да оқи отырыңыздар: Телефонмен көңіл айтуға бола ма?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә