Астанада көпқабатты үйдегі пәтер өртенді: 30 адам қауіпсіз жерге көшірілді

Астанада көпқабатты үйдегі пәтер өртенді: 30 адам қауіпсіз жерге көшірілді
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада көпқабатты үйдегі пәтерде өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт туралы хабарлама 15 ақпан күні сағат 18:21-де түскен. Өрт Тәуелсіздік даңғылы, 21 мекенжайында шыққан. 8 минуттан кейін өрт сөндірушілер жетіп, пәтерде қатты түтін шығып жатқанын анықтаған.

"Өрт сөндірушілер автокөлік сатысының көмегімен әйелді құтқарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Өрт сағат 18.57-де оқшауланды. Оқиға орнында Астана төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 22 адам және 7 техникасы жұмылдырылды", - деп хабарлады ведомство.

Пәтердің асхана бөлмесінде 15 шаршы метр аумақтағы жиһаз (диван), үй заттары және керілген төбе жанған. Өрт сөндіру кезінде өрт сөндірушілер 30 адамды, оның ішінде 12 баланы қауіпсіз жерге көшіріп, 3 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарды.

Оқиға орнында құтқарылған үш адамды жедел жәрдем бригадасы тексеріп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан