- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құрық ұстап қалатын...
"Құрық ұстап қалатын шығармыз". Ақмолада жылқы жаппай қырылып жатыр
Ақмола облысында Қамбар ата түлігі – жылқы жаппай қырылып жатыр. Ауылдарда жем-шөп таусылып, дала тұтастай мұз құрсағандықтан тебіндей алмаған жылқы малына жұт келген. Қатты қысылған ауылдағы ағайын қайтерін білмей дабыл қағатын жағдайға жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңірдің әсіресе Зеренді, Бурабай, Біржан сал, Ақкөл аудандары мен Степногор қаласына қарасты ондаған ауылдарда жылқылар жаппай қолға қараған. Әбден жүдеп көтерем болып қалған биелер құлын тастап, тіпті өлім-жітім шамадан тыс көбейіп кеткен. Жылқышылардың айтқан мәліметінше, әрбір ауылда 30-40 бастан жылқылар қырылып жатыр. Оның ішінде жабағы тайлардан бастап, ірі жылқыларға дейін өлген.
"Зеренді ауданына қарасты Васильков, Дөңгілағаш, Ақадыр, Ұялы, Абай басқа да ондаған ауылдардың әрқайсысында 30-40 бастан жылқылар өліп жатыр. Теріскейде әлі кемінде екі айдан астам уақыт қыс бар. Оған дейін де талай жылқылардың өлетін түрі бар. Қазір жылқыларды жаппай ауылдарда иелеріне қайтарып жатырмыз. Бірақ ауылдағы ағайында жем-шөп таусылып қалғандықтан жылқының тісіне басар шөп те жоқ. Жұрт тіпті сабанның бір орамының өзін 11-15 мың теңгеге дейін сатып алып жатыр. Шөптің орамының құны 20-25 мың теңгеге дейін жетіп жығылған. Ауылдағы ағайында шын мәнінде жұт болып жатыр", - дейді Васильков ауылынан жылқышы Темірбек Ғалымов.
Жылқының жем-шөптің болмауынан жаппай қырылып жатқанын Ақмола облысының ветеринария басқармасы да мойындады. Ведомствоның мәліметінше облыс аумағында жүзден астам жылқының өлексесі табылған.
"Әсіресе жас жабағы мен тайлар қырылып жатыр. Ауылдарда жылқылар далада көтерем болып жүдеп қалғандықтан тұтасай қолға қарап қалды. Түгелдей жылқыдан айырылып қалмас үшін басқа амал да жоқ. Мәселен тек Степногорда жаппай жылқы қырылып қалған. Тек Қырыққұдық ауылында ғана 20, Бөгенбай ауылында 12 жылқы өлді. Ақкөл ауданында отыздан астам жылқылардың өлгені анықталды", - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.
Тұрғындар жылқылардың жаппай қырылуына жайылым жерлердің тапшылығы да себеп болып отырғанын атады. Өйткені Зеренді, Бурабай, Біржан аудандарына ірі жер иелері ауылдың дәл іргесіне дейін жыртып тастап, ауылдарға мал жаятын жер де қалмаған. Осының салдарынан жылқының тісіне ілігер шөп таппай отырғандарын айтқан тұрғындардың қарасы қалың.
Күні кеше мәселе Парламент Мәжілісіне депутат Қазыбек Иса да көтерген-ді. Дегенмен түйткілді мәселеде облыстық әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы басқармалары мен ведомство дереу арада тегеурінді шаралар қабылдамаса елдің басты түлігі – жылқыдан айырылып, құрық ұстап қалуымыз да кәдік сияқты...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Ақмола облысы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы