Таудағы қар еріген: Абай облысындағы ауылдарды су басты

Таудағы қар еріген: Абай облысындағы ауылдарды су басты
Фото: Massaget.kz

Абай облысы аумағындағы Қызылкесік, Ойшілік, Құмкөл ауылдық аймақтарын таудағы қар еріп жергілікті тұрғын үйлерді су басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызылкесік аулында 7 үй су астында қалған. Ол жерде ауыл тұрғындарынан 50 азамат, Төтенше жағдайлар бөлімінен 11 адам, 2 мотопомпа, 2 техника жұмылдырылып, 200 қап инертті материалдармен су жайылған аумақтарға қомдау жұмыстары жүргізілген.

Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан Қарағанды-Аягөз-Боғас автожолының бойындағы Жіңішке учаскесінде (888.844.846 км) 3 жерден жол үстінен қар суы ағып өткен. Онда "Қазавтожолға" қарасты ДЭУ-31 мекемесінің техникалары жұмылдырылуда.

"Ол жерде 5 үй, оның ішінде 3-уінде адамдар тұрып жатыр. 2 үй бөктерде орналасқандықтан, қауіп төнбеді, 1 үйдің ауласына, қорасына су кірді. Мал шығыны әзірге жоқ. Жергелікті атқарушы органнан 2 техника жіберіліп, Көккемердегі жасы егде 1 азаматша Ойшілік ауылына жеткізілді.Ойшілік ауылында қарғын су дамбаға тіреліп, ауылдың шығыс және батыс жағымен екіге бөлініп тасып ағуда. Бұрын осы уақыттарда мұндай тасқын болмағандықтан абдырап қалдық", - дейді көмекке келген ауыл тұрғыны Марат Ақылбеков.

Ақсуат ауданы әкімдігінің мәліметінше, 1 үйдің ауласына, 3 үйдің қора-жайына су кірген. Адамдарға төнген қауіп жоқ. Ол жерде 2 погрузчик, 2 МАЗ көлігі, 3 трактор, 15 адам жұмылдырылып, дайындалған инертті материалдарды төгіп, қомдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құмкөл ауылдық округі тұсында жолдан асып аққан суға байланысты 1 погрузчик, 8 адам жұмылдырылды. Жағдай тиісті органдар тарапынан жіті бақылауда.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz