"Ол ақшаны өзімізге алған жоқпыз". Экс-министр Елжан Біртанов сот шешімі қайта қаралғаны дұрыс деп санайтынын мойындады

"Ол ақшаны өзімізге алған жоқпыз". Экс-министр Елжан Біртанов сот шешімі қайта қаралғаны дұрыс деп санайтынын мойындады
Фото: "Уақыт көрсетеді"

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов "Уақыт көрсетеді" жобасына берген сұхбатында өзіне қатысты сот шешімін қайта қарағысы келетінін мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, барлық соманы өзі мен әріптесінің мойнына ілу дұрыс емес, оны шетелдік компаниядан шығару керек. 

"Заң шешімі бойынша, салынған айыппұлды өтеу үшін жалақымның 50 пайызын ұсталынады. Бұл бір жыл ішінде шамамен 1 миллион теңгедей шығады. Болашақта осы істі қайта қарап, шешімі өзгере ме деген үміт бар. Дегенмен де мүмкіндігінше жүктелген соманы төлеуге тырысамыз. Өйткені шетелдік компанияға аударылған қаражаттың бәрін біздің қайтаруымыз үшін басымызға қойды ғой. Бұл да бір қызық шешім болды, себебі ақша шет елге кетті ғой, шетелдік белгілі халықаралық компания. Сот процесі жүріп жатқан кезде ол компания өкіметке арнайы хат жолдаған, хатта сот шешіміне қанағаттанбайтынын, өз жұмысын толық атқарды деп санайтынын, бірақ қажет болса, ақпараттық қосымшаны тегін енгізуге дайын екенін мәлімдеген. Әрине, сот түрлі дәлелді қарады. Бірақ, біздің ойымызша, Қазақстанның қаражаты шет елге кетсе, оны неге сол жақтан қайтармайды, неге бізден сұрайды? Иә, біз өзіміздің жауапкершілігімізді дұрыс пайдалана алмадық, бірақ біз ол ақшаны өзімізге алған жоқпыз ғой. Ақша коммерциялық компанияның қолында, оны халықаралық сот арқылы немесе басқа жол арқылы қайтармайды ма деген ой болды", - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін "Жалақымның белгілі бір мөлшерін төлеймін". Экс-министр Елжан Біртанов отбасын асырау үшін бірнеше жұмыс істеп жүргенін айтқаны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Жеті ғашық деген кімдер?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә