"Есік алдына шығу мұң". Күн жылынғалы ақтөбеліктерден маза кетті

Фото: видеоскрин

Күн жылынғалы Ақтөбенің Мәскеу ауданының тұрғындарынан маза кетті. Кейбір көшелердегі тау болып үйілген қар еріп, жұртшылықты әбіргерге салуда. Тіпті, еріген қар суы тұрғындардың ауласына кіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соңғы күндері Ақтөбеде ауа райы күрт жылынды. Оның үстіне қар жауып, қала тұрғындарын әбігерге салуда. Ал қаланың қақ ортасындағы Лев Толстой көшесінің тұрғындары қыс басталғалы көшенің қары тазартылмағанын айтады. Күн жылынғалы қар еріп, қазір тұрғындардың ауласына  дейін су кіріп жатыр. Бұл көшенің тұрғындары "жылда көретін күніміз - осы" дейді.  Себебі көше асфальтталмаған. Ал көктемде еріген қар суынан көше батпаққа айналады екен. Осы көшеде бірнеше жылдан бері тұратын Әлімжан Қонысбаев балшық болса балаларды мектепке апару қиынға соғатынын айтады.

"Қыс басталғалы көшенің қары тазартылған жоқ. Әр үйдің ауласының маңында тау болып үйіліп тұр. Қазір күн жылынып жатыр. Қар еріп, қазірдің өзінде жүру мүмкін емес. Ертең күн күрт жылынса су басады, балшық болады. Балаларды сабаққа әрең апарамыз. Бала түгілі үлкеннің өзі жүре алмайды. Көшеде асфальт болмағаннан кейін көретін күніміз - осы. Біздің айналамыздағы көшенің бәрі асфальт. Ал біз қанша жылдан бері азап көріп келеміз", - дейді Әлімжан.

Ал осы көшеде отыз жылдан бері тұратын Егізбай Шүкімбаевтың айтуынша, көше құрылғалы мүлде асфальт төселмеген. 2002 жылы ғана қиыршық тас төгіліпті. Тұрғындардың  мәселені айтып, бармаған жері қалмаған.

"Әкімдіктегілерге көшеге асфальт төсеу керектігін айтып жүргенімізге біраз жыл болды. Шындығы керек, құр уәдеден шаршадық. Асфальт өз алдына, осы көшеде отыз жылдан бері тұрамын, жарық жоқ. Күн батса есік алдына шығудың өзі мұң", - дейді Егізбай.

Тұрғындар әсіресе балалардың мектепке баратын, келетін уақытында қараңғы көшемен жүрудің қорқынышты екенін айтады.

"Көше шұрық-тесік, оның үстіне жарық жоқ. Баланы таңертең сабаққа өзін жібере алмаймыз. Қайтар кезінде де біреу алып келуі керек. Қараңғыда бір жерге құлап қала ма, біреу тиісе ме деп уайым қыламыз. Оның үстіне қаңғы иттер өріп жүр. Кешкілік баланың өзін жіберу қорқынышты", - дейді Әлімжан Қонысбаев.

Аталған мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарластық. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Толстой көшесін асфальттау үшін биыл жобалық-сметалық құжаттама жасалмақ.

"Толстой көшесі Ақтөбе қаласын жарықтандыруды модернизациялаудың 3 жылдық жоспары бойынша жасалған жарығы жоқ көшелердің тізіміне енгізілді. Үш жылдық жоспар жұмысы былтыр басталды. 9 мың жарық нүктесі орнатылатын болады. Нәтижесінде 358 көше жарықтандырылады", - деген хабарламада.

Сондай-ақ Сүт зауыты, Құрмыш, Мәскеу сияқты су басу қаупі бар аудандардың қарын шығару жұмысы басталған. Оның ішінде Толстой көшесінің де қары шығарылып жатқанын мәлім етті.

Кәмшат Қопаева

А. Жапатова