Семейдегі сауда үйінде бір тәулікке жуық бұрын басталған өрт сөндірілді

Семейдегі сауда үйінде бір тәулікке жуық бұрын басталған өрт сөндірілді
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Семейдегі "Ақшын" сауда үйіндегі шыққан өрт сағат 6 ақпанда сағат 20:55-те сөндірілді. , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, үш қабатты сауда ғимаратында шыққан өрт туралы хабарлама 6 ақпанға қараған түні сағат 02:27-де түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта оқиға орнына жеткен кезде бірінші қабатта сауда бутиктері жанып, өрттің 2-қабат пен шатырға таралып жатқаны анықталды.

 Өртті сөндіруге  өрттің жоғары № 3 дәрежесі бойынша күштер мен құралдар жұмылдырылды.

"Ғимарат ішіндегі қою түтін басып, температура жоғары болған. Жанғыш материалдардың көп болуы және ғимарат құрылысының күрделі болуы салдарынан өрт те тез таралып, сөндіру жұмыстарын қиындатты. Өртті сөндіру барысында 3-қабаттың шатыры ішінара құлады. Өрт сағат 11:39-да ауыздықталды, яғни өрттің таралуы тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Жұмылдырылған күштер өртті толық жою, сондай-ақ жану ошақтарының қайта тұтануын болдырмау үшін құрылымдарды бөлшектеу және су құю жұмыстарын жүргізді.

Полиция күштері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ғимараттың периметрін қоршады.

Қалалық мәдениет үйінде ТЖД және денсаулық сақтау басқармасының психологтары кәсіпкерлермен жұмыс жүргізді, 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетілді.

Өртті сөндіруге ТЖ және полиция департаменттерінен, Апаттар медицинасы орталығынан, ТЖМ 68303 әскери бөлімінен, "ҚТЖ" ҰК" АҚ, Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінен, "Зеленстрой" ЖШС-нен 487 адам, 46 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, оқиға орнында ТЖД анықтаушылары мен зерттеу сынақ өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта өрт орнын қарауылдау, су төгу және қоршау үшін жеке құрамнан 264 адам, 31 техника жұмылдырылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан