Антикор пара алды деген күдікке ілінген "Ертіс Орманы" басшысының хаты мен аудиожазбасын жариялады

Антикор пара алды деген күдікке ілінген "Ертіс Орманы" басшысының хаты мен аудиожазбасын жариялады
Фото: Видео кадры

Желіде "Ертіс Орманы" Мемлекеттік орман табиғи резерваты басшысының хаты мен аудиожазбасы тарады. Онда оның қызметкерлеріне заңсыз бұйрық бергені, сондай-ақ, пара алғаны бейнеленген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен орман шаруашылығын қорғау саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау шеңберінде "Ертіс Орманы" Мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы тарапынан пара алу дерегін анықтады.

Ол кәсіпкерлерге іскерлік орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Биыл 26 қаңтарында тергеу сотының санкциясымен Резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Сонымен қатар, Резерваттың бес бухгалтеріне қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатыр, олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ, мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған.

Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді.

Тергеу жалғасып жатыр. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек