"Арамызда сатқындар бар". Шымкентте шенеунікті Антикор қызметкерлері жиналыс үстінде алып кеткен

Шымкентте шенеунікті Антикор қызметкерлері жиналыс үстінде алып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеоны Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Роликте әкім қоластындағы қызметкерлерге адал қызмет ету керегін ескертіп, түсіндіріп жатады. 

"Бүгін тағайындалғаныма бес ай болды, келгеннен бері адал істеуді сұрап жатырмын. Мен білемін араларыңызда мемлекетшіл, адал кісілер көп. Көбіңіз сондайсыздар, сіздерге сенемін. Сенімді, ешкімді ауыстыратын ойым болған жоқ. Бірақ кеткен кісілерді де білесіздер, олар сөзге көнбегеннен кейін кетті. Бірақ өкінішке орай арамызда сатқындар бар. Сөзге, уәжге тоқтамай, өткен жылдан бері артымыздан пышақ тыққанмен бірдей", - дейді қала әкімі. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің тарапынан қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеттері күдік тудырғаны анықталған.

"Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісі үстінде аталған азаматты тергеу жұмыстары жүргізілетін уақыт аралығына қамаққа алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында орын алған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерлерге ой салар деп білемін. Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды. Тек қана еңбекті адал атқарып, міндетімізді абыройлы орындап, ел алғысына бөленуіміз қажет", - дейді Ғабит Сыздықбеков.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина