"Көптеген отбасылар ажырасып кетеді". Актер Рүстем Жаныаманов ұлының дертімен қалай күрескенін айтты

"Көптеген отбасылар ажырасып кетеді". Актер Рүстем Жаныаманов ұлының дертімен қалай күрескенін айтты
Фото: instagram.com/zhanargul_zhanyamanova

Актер Рүстем Жаныаманов пен жұбайы, актриса Жанаргүл Жаныаманова "Қызықты weekend" бағдарламасына ұлының дертімен қалай күрескенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлі-зайыптылар тұңғышы дертке шалдыққанда өнерден алыстап, баласының дертімен бірге күрескендерін айтты.

"Біз енді шыны керек, бір-бірімізге тек қана күш беру арқылы, бір-бірімізбен сөйлесу арқылы, бір-бірімізге мотивация бере отыра баламыздың дертімен бірге күрестік. Өйткені оңай болған жоқ. Көптеген отбасылар ажырасып кетеді екен. Мысалы, әкесі бүкіл жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қойып, ізім-қайым жоқ боп кетеді. Ол енді таза сатқындық деп ойлаймын. Олай жасамау керек. Қаншалықты сынақ түссе де, өзің таңдаған адаммен өмірдің соңына дейін бірге болу керек деп ойлаймын", - актер Рүстем Жаныаманов.

Актриса бұл кезеңде жан-жақты білім алып, ізденісте болғандарын айтты.

"Басында мұрны қанай бастады, бұл белгіге көбісі мән бермейді. Біз де мән бермедік. Ал ол кезде бала тіпті балабақшаға бармау керек екен. Біз дәл сол кезде жұмыс бабымен оны балабақшаға бергенбіз. Балабақшаға екі ай барды. Ол одан сайын асқынып кетті. Бірақ мен сол дертке рақмет айтамын. Ол бізге көп нәрсені үйретті. Білім алдық, үлкен ізденісте болдық. Бізде үлкен рухани даму болды", - актриса Жанаргүл Жаныаманова.

Жұлдызды ерлі-зайыпты ұлдарының дертімен 5-6 жылдай күрескендерін айтты. Олар түбінде махаббат пен ауызбіршілік жеңгенін айтып, басқа отбасыларға кеңес берді.

"Бір-біріңізге күш беріңіздер, тек позитивті әңгіме айтыңыздар. Біз сол кезде сынбай, бар күшімізді салып күрескенімізге ризамын. Біз бұл дертті жеңеміз деп бір-бірімізге уәде бердік. Баламыздың ауруын емдедік. Бұл жерде, әрине, әуелі - Алла, екінші әрекет бізден болды. Осындай отбасылар болса, құрметті ағайын, оңай емес екенін түсінемін. Соңына дейін күресіңіздер, үміт ешқашан өшпеу керек.

Осы дерт басымызға түскенде біздің қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілді. Бір-біріміздің қадірімізді ұғындық, одан сайын жақындаса, қолдай түстік. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сынақсыз-ақ түсіне білуі тиіс. Қадірлеу үшін, сезімің күшею үшін дерт, сынақ дегенді күтпеу керек", - деді актер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова