Біржан Хасанғалиев әкесінің не үшін консерватория аяқтамағанын айтты

Біржан Хасанғалиев әкесінің не үшін консерватория аяқтамағанын айтты
Фото: youtube.com

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Біржан Хасанғалиев "Менің өмірім" бағдарламасында әкесі - танымал композитор Ескендір Хасанғалиев не үшін Қазақ ұлттық консерваториясын аяқтамағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Біржан Хасанғалиев әкесі консерваторияның соңғы курсында мұғалімімен сөзге келіп, оқудан шығып кеткенін айтты.

"Ол консеваторияда 6 жылдай оқып, соңғы курсында кетіп қалған. Өйткені бір жағдай болған. Мұғаліммен ұрысып қалған. Мұғалімі негізі өте жақсы маман еді. Бірақ мінезі ашушаң болған сияқты. Соңғы курс. Дипломдық жұмыс. Орфей деген композитордың "Глюк" деген операсы бар, соны дипломдық жұмыс ретінде алған. Қызу дайындық. Ол кезде енді әкем жас қой. Бір жағынан жұмыс жоқ, әлі соншалықты танымал емес. Кейде тамақ та ішпей қалады. Сонда сол мұғалім ұрады екен. Сондай әдеті бар. Ол әрине қазіргі заманға сай келмейді. Қазіргі студенттер ондай мұғалімді сотқа да беруі мүмкін. Бір рет қатты ұрып жіберген. Әкем де шыдамай "неге олай істейсіз" деп мұғалімнің қолынан ұрып жіберген. Сол кезде ол кісі ректорға барып "не менің студентім кетеді немесе мен кетемін" деген екен. Ал сол кісінің күйеуі Цуканов деген ҚазССР-дің мәдениет министрінің орынбасары болған. Сол кісінің жұбайы болған ғой. Содан оқудан шығып кетті. Одан кейін оны консерваторияға қанша шақырса да, сол намысына тиген нәрсе 10-15 жыл бойы жүрегінде қалып қойды. Сөйтіп консерваторияны бітіре алмады. Кейін Әл-Фараби атындағы Шымкенттің өнер институтында білім алып, соны аяқтады", - деді Біржан Хасанғалиев.

А. Жапатова