Астанада журналисті күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан сарайдан қуып шыққан

Астанада журналисті күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан сарайдан қуып шыққан
Фото: instagram.com/kazhenov.aslan

Астанада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан сарайдан журналисті қуып шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы журналистің өзі Аслан Қаженов Instagram-дағы парақшасында жазды.

Ол Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановқа үндеу жасады.

Аслан Қаженовтің сөзінше, Қазақстан чемпионатында легионерлер қаптай бастаған.  Журналист оларды өз көзімен көру үшін жекпе-жеке жек сарайына барғанда жарыстың басы-қасында жүргендер қуып шыққан.

"Дәулет мырза, не істеп жүрсіз?! Қазір Астанада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ол басталмай тұрып, үлкен дау бұрқ етті. Ішкі біріншілікке легионерлер қаптай бастады. Тағы да келіп қосылады деген сыбыстар бар. Федерация тарапынан ресми түсіндірме болмады. Әлеуметтік желідегі қызу пікірталасқа нүкте қойылмады. Әлі күнге дейін не болып жатқанын білмейміз. Кімнен сұраймыз? Неге келімсектер көбейді? Түпкі мақсат қандай? Енді бүгін сол келімсектерді өз көзіммен көрейін деп жекпе-жек сарайына арнайы бардым. Финал алдындағы бірер сағаттық үзіліс екен. Осы фотоға түсіп үлгергенім жоқ, басы-қасында жүргендер қуып шықты. Тура мағынасында қуып шықты. Қасымдағы әріптесім сол сәтті телефонға түсіргісі келген еді. Оның ұялы құрылғысын тартып алды. Ішіндегі видеоны тазалады. Не масқара мынау? Не әрекет бұл?. Жабайы емеспіз, қылмыскер емеспіз. Сөздің ретін де түсінеміз. Қазақстан чемпионатынан хабар тарата алмасақ, несіне қазақ журналисті болып жүрміз? Небір құрлықтық және әлемдік аламандардың ортасында болдым. Бүкіл жерде этика бар. (...) Айтпақшы, әлгі видео өшірілген жоқ. Заманауи телефондардың сондай қасиеті бар ", - деп жазды ол.

Журналистің айтуына қарағанда, одан бөлек, спортшылардың, бапкерлердің және күрес айналасында жүрген мамандардың түйіткілдері жетеді. 

"Ұлттық құраманың дайындығына және жалпы даму жүйесіне қатысты да сұрақ көп. Біраз адам "Дәулет аға азамат қой, қазақтың батыры ғой, оған тиіспей-ақ қойшы" - деп хабарласады. Мен сіздің жеке басыңызда ешқандай шаруам жоқ. Кезінде ел намысын қорғап, абыройымызды асқақтатқаныңызды бағалаймын. Бірақ енді отандық күресті сұрауға қақымыз бар шығар? Ішкі біріншілікке емін-еркін кіріп, неге қалың қазақ жанкүйеріне ақпарат тарата алмаймыз? Түсінемін, тәртіп бар. Болуы да керек. Бірақ шаш ал десе, бас алуды қашан қоямыз? Отандық спортты, оның ішінде, отандық күресті қалай дамытамыз? Қалай бір жолға қоямыз? Нақты жоспар мен стратегия бар ма? Әлде, тек легионерлерге сенеміз бе? Дәулет мырза, не істеп жүрсіз?!", - деді Аслан Қаженов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Аслан Каженов (@kazhenov.aslan)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан