Жамбыл облысында 26 көлік бір мезетте жол апатына ұшырады

Жамбыл облысында 26 көлік бір мезетте жол апатына ұшырады
Фото: ПД / instagram

Жамбыл облысында 26 көлік тасжолда жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа-райында жолға шықпау туралы бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды жалғастыруда: жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайды, жазғы шиналармен жүреді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады", - делінген полиция хабарламасында.

31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөлік (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) жол апатына ұшырады.

Фото: Instagram

ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді.

Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасауда, оқиғаның мән-жайлары анықталуда.

Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін әсіресе ауа райы қолайсыз болған жағдайда қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина