"Ешкім алғысы келмеді". Барлық марапатынан бас тартқан Әли Оқапов шешімінің анық-қанығын түсіндірді

"Ешкім алғысы келмеді". Барлық марапатынан бас тартқан Әли Оқапов шешімінің анық-қанығын түсіндірді
Фото: instagram.com/aliokapov

Халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы, "Құрмет" орденінің иегері Әли Оқапов "Tansholpan" бағдарламасына берген сұхбатында өзіне берілген барлық марапаттан бас тартамын деген уәжінің анық-қанығын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің айтуынша, қазіргі уақытта бұған дейін табысталған барлық сый-марапат өзінде қалған. 

"Былтырғы жылдың үлкен жаңалықтарының бірі менің "Құрмет" орденін алғаным болды. Бұл туралы алғашында білгенімде,  әрине, еңбегімнің бағаланып отырғанына қатты қуандым. Дегенмен Желі қолданушылары түрлі пікір қалдырғандықтан, мен өзімді ыңғайсыз сезіндім. Анам үнемі "бірінші орында халық" деп айтып жүреді, осыған байланысты халықтың, қазақстандықтардың пікіріне бағынып, осындай шешім қабылдадым. Бірақ, заң бойынша әртіс мемлекеттік сыйлақтардан бас тарта алмайды екен, егер де бас тартсам менің жағымсыз әрекетім ретінде көрінеді. Сондықтан, мен заңға бағынамын, маған сенім артқан жандарды құрметтеймін, қазір ресми тұрғыда мемлекет берген атақтар өзімде қалды.

Ал басқа ұйымдардың түрлі атақ, сыйлықтар үйімде жатыр. Өйткені ол бағдарламаның көп бөлігі қазіргі уақытта жабылып қалған, оны қайтарып беретін адамдар да жоқ. Мен негізі алып кетіңіздерші деп ұсындым, бірақ оны ешкім алғысы келмеді. Бұл өмір ғой, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес және ол керек те емес", - деді ол.

Еске салайық, Республика күні қарсаңында Әли Оқапов "Құрмет" орденінің иегері атанған болатын.

"Бүгін "Құрмет" орденінің иегері атандым! Шынымен күтпеген жағдай болды. Әрине, көп рақмет! Осы атаққа лайық еңбек етуге, маған артқан сенімді ақтауға барымды саламын. Құттықтауларыңызға рақмет! Басымды иемін!", - деп жазды әнші.

Кейінірек "Құрмет" орденін алған Әли Оқапов Желідегі даудан кейін барлық марапатынан бас тартқаны хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қандағы СОЭ қандай болуы керек?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә