Қарағанды облысындағы екі адамның өмірін қиған газ жарылысы: куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Қарағанды облысындағы екі адамның өмірін қиған газ жарылысы: куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Фото: instagram/ablaisultangali

Қарағанды облысы Ботақара кентінде төтенше жағдай жарияланды. Түнде екі қабатты үйде газ баллоны жарылып, баспананың талқаны шыққан. Екі адам қаза тапты. Үйінді астынан шығарылған екі ересек адам мен төрт жастағы баланың жағдайы ауыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал баспанасы қираған үйдің 46 тұрғыны қыста далада қалды. Енді жергілікті билік оларға жалдамалы пәтер іздеп сабылып жатыр. Қорқынышты түнді бастан өткізгендер оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Апат түнгі сағат 12-ден кете болды. Екінші қабаттағы пәтерлердің бірінде жарылған газ баллоны ғимартты қақ бөлген. Жойқын жарылыс төбені ұшырып, қабырғаларын құлатып, еденді бірінші қабаттағы пәтерге бірақ түсіріпті. Астыңғы баспанада болған 51 және 49 жастағы ерлі-зайыпты бетонға жаншылып, құтқарушылардың көмегі жеткенше жан тапсырған. Олардың ортасында жатқан немересі ғана аман қалды. Тағы екі ер адам мен екі бала үйінді астынан тірі шығарылды.

Жарылыстың күштілігі соншалық, көрші пәтерлердің қабырғаларын құлатқан. Абырой болғанда бір пәтердегі кейуана туыстарына қонаққа кетіп қалған. Ал екіншісінде болған жалғызбасты зейнеткер әйел құлаған қабырғаның астына жаншылудан шақ қалдым дейді.

Түндегі сұмдықтан әбден шошып тұрғындардың кейбірі туыстарын паналаса, қалғаны көрші-қолаңды сағалап кеткен.

"Тұрс ете түсті, төбе құлады. Қайда жүгірерімді білмедім, басқа бөлмеге өте алмадым. Терезенің алдына барып тұрдым. Қолыма не түсті, соны киіп алдым. Түні бойы ұйықтаған жоқпын. Қан қысымым бар. Ешкімім жоқ, барар жерім жоқ. Міне, көршілерді жағалап жүрмін. Маған қартайғанда осы керек пе?", - деді Шекер Уәлиева.

Ал жарылыс болған пәтерді Жұмажановтар отбасы жақында ғана алыпты. Баспанада жөндеу жүргізіп жатқан екен. Білетіндері жұмысшылар сылақты кептіру үшін газ баллонын аяздан кіргізіп, жылынсын деп пештің жанына қойған. Бірақ оларды қираған баспана емес, көршілерінің қазасы қинайды.

"Екі өзбек жігіт штукатурка істеп, соны кептіреміз ертең деп, пушкамен кептіреміз, пеш кептірмейді деген. Газ әкепті, ол газ қатып тұрыпты. Оны пештің қасына қойып, таңертең ериді, біз тұрғанша деп, жатып қалған. Астымдағы көршілерімнен айырылып қалып отырмын. Осы жерде он бір жыл бірге тұрдық қой. Сол көршілерім өкінішті болып тұр. Бір үйден екі әке-шешесі қайтыс болып кетті. Сол жаныма батып тұр", - дейді Марал Жұмажанова.

Ал тұрғындар құтқарушылардың қызметіне көңілі толмайды. Келерін келіп алып, құтқаруға қажет құрылғы таппай сеңдей соғылысты дейді. 

"Төтеншеліктер біреуден домкрат сұрайды, біреуден лом сұрайды. Сонда өзінде дайын тұру керек қой, бәрі болуы керек қой. Олар алдында тірі жатты, көмек сұрады. Дыбысы шығып жатқан. Бес сағатан кейін ғана алып шықты. Енді ойлаңызшы, бес сағатта не қалады, ана жерде тастай суық, денелері көкпеңбек", - деді марқұмдардың туысы Баян Көбентаева.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан