Такси жүргізушісіне жала жапқан қостанайлық әйел жазаланды

Қостанай облысының полиция департаменті такси жүргізушісін "тиісті" деп айыптаған әйелдің қандай жазаға тартылғанын айтты,  - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер әйелдің арнаулы қызметті жалған сөйлеп шақырғаны үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Бұл үшін оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл сомасы - 110 760 теңге.

Айта кетейік, 2023 жылғы 24 желтоқсанда Қостанай полициясына әйел хабарласып, үйдің жанында такси жүргізушісімен жанжалдасып қалғанын хабарлаған.

Ал такси жүргізушісі осы сәтті видео түсіріп алған, онда қыздың полицияға қоңырау шалып, әуелі жанжалдың мәнін түсіндіруге тырысқаны, кейінірек байбалам салып, жүргізушінің "оны құшақтап алғанын" айтады да, артынша есінен танып қалады.

Оқиға орнына барған медицина қызметкерлері әйелді тексеріп, көмек көрсеткен. Полицейлер такси жүргізушісінің әрекетінен ешқандай құқық бұзушылық көрмеген.

Кейінірек әйел видео тарағаннан кейін желіде қысым көргенін айтты.

"Мен полицияға қоңырау шала бастадым, бірақ өзімді нашар сезінетінімді білген жоқпын. Әдейі істеген жоқпын. Ол маған әртүрлі сөз айтып, мені осы күйге жеткізді және ештеңе болмағандай кейіп танытты", - деді ол.

Әйел такси жүргізушісінің үстінен арыз жазудан бас тартқан.

Кейінірек жанжал такси жүргізушісінің әйелдің нақты тұрған жеріне емес, мобильді қосымшада көрсетілген мекенжайға келуіне байланысты шыққаны белгілі болды.

Әйел өзін видеоға түсіріп таратқаны үшін мәлімдеме жазды. Полиция бұл мәселе азаматтық-құқықтық деңгейде шешілетінін хабарлады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!