"Көзіне тура қараймын": экс-министр шетелдіктер асырап алған балалар рақмет айтуы керек екенін мәлімдеді

"Көзіне тура қараймын": экс-министр шетелдіктер асырап алған балалар рақмет айтуы керек екенін мәлімдеді
Фото: видеодан алынған кадр

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев Adal Adam Уoutube-арнасына берген сұхбатында шетелге кеткен балалардың тағдырына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бельгиялықтар асырап алған Жәнібектің тағдырына қатысты біраз былықтың әшкереленгеніне қарамастан, экс-министр бала өзіне рақмет айтуы керегін жеткізді.

"Жәнібектің көзіне тура қараймын. Келсін, тура қараймын. Мен оның тағдырын білмеймін, қалай кеткен, қай жаққа, қалай болғанын. Бірақ Жәнібекке айтамын: "Айналайын, Қазақстанға келіп, ананды іздеп жүргенің дұрыс. Бірақ сенің анаң осындай жасап кетті. Енді сен үлкен жігіт болдың ғой. Үйлі-күйлі боласың ғой. Мына анаңның жасағанын жасама" деймін. "Билік неге мені өзі асырамады?" деп сұраса, "маған сұрақ қоярдан бұрын ойламадың ба, елге қайтамын, тегімнің қасында боламын деп, сен неге 18-ге келгенде Қазақстанның азаматтығын алмадың?" деген сұрақты қоямын", - деді Досқалиев.

Сонымен қатар, ол шетелге кеткен өзге де қазақ балаларының бетіне тура қарай алатынын жеткізді.

"Тура қараймын. Өйткені айтамын: "Сен ол кезде мүгедек болдың. Сенің денсаулығыңды түзететін осы жерде жағдай болмады. Содан кейін мына асырап алған адамдар сенің денсаулығыңды түзеп, сен менің алдыма келіп, аға деп сұрап отырсың. Рахмет деп айтуың керек" (деймін - еск.), ‒ деді экс-министр.

Экс-шенеунік шетелдіктер бала асырап алуына қатысты көзқарасын жеткізді.

"Америкалықтар ауру балаларды асырап алып, оларды емдеп, қоғамға кіргізіп, білімін беріп, осы қоғамда ары қарай өмір сүре алатын жағдайға жеткізіп отыр. Біздің балалар үйлері оны жасай алмайды. Рас айтамын. Бізде сал ауруын емдейтін орталық болғанымен, толық емделіп кететін жағдайлар жоқ. Оны түсіну керек. Сал аурумен ауыратын балалардың буындары, сіңірлері қатып қалады, бірнеше ота жасау керек болады. Соның қаражатын төлеп жасап отыр ғой", - дейді Жақсылық Досқалиев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz